Өткен аптада Ішкі істер министрлігі мүдделі тұлғалармен бірлесе отырып, электрсамокаттарға қатысты жиын өткізді. Оның қорытындысы бойынша көлік құралының бұл түрін пайдалануға жаңа шектеулер енгізу ұсынылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ішкі істер министрлігінде өткен апталық брифингте Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранованың айтуынша, электрсамокаттармен жарықталмаған жерлерде, қала сыртындағы жолдарда жүруге, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың оны пайдалануына тыйым салу ұсынылды. Балалардың электрсамокатты пайдалануын болдырмау үшін салмақ санаттары бойынша көлік жүргізуге тыйым салу (мысалы, салмағы 30 келіден асатын адамдарға көлік жүргізуге рұқсат беру) ұсынылды.
"Кикшеринг компаниялары жол қозғалысы ережелерін, жолаушылар мен жүктерді тасымалдау ережелерін бұзатын, самокаттарды дұрыс емес жерде қалдыратын жосықсыз тұтынушылардың жалпы тізімін қалыптастыруды ұсынды. Мұндай пайдаланушылар үшін барлық компания өз қызметін ұсынбайды", - деді Боранова.
Еске салайық, 29 маусымда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жол қозғалысын ұйымдастыру туралы заңға қол қойды, оған сәйкес электрсамокат көлік құралы болып танылады.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!