“Электрсамокат алып, Еуропада жалға беруге болады“: Қызылордада қаржы пирамидасы әшкереленді

Фото: Видео кадры

Қаржылық мониторинг агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті HRT атауымен белгілі қаржы пирамидасының қызметін тоқтатты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ұйымдастырушылар азаматтарға заңды инвестициялық жоба ретінде ұсынылған схеманы жарнамалап, электрсамокаттар сатып алып, оларды Еуропа елдерінде жалға беру арқылы пайда табуға болады деп сендірген.

Жобаға қатысу үшін қатысушылардан арнайы HRT шотына криптовалюта аудару талап етілген. Негізгі шарт кем дегенде екі жаңа салымшы тарту болған.

"200-ден аса азамат жобаға 50 мыңнан 35 мың АҚШ долларына дейінгі қаражаттарын салып, ай сайын 1 200 АҚШ долларына дейін сыйақы алып отырамыз деп үміттенген. Заңсыз алынған кірістің жалпы сомасы 28 млн теңгеден асты. Тергеу барысында күдіктілер салымшылардың ақшасына екі көлік, яғни BMW 530I Xdrive және Changan Alsvin сатып алғаны анықталды. Бұл көліктерге сот санкциясымен тыйым салынды", - деп жазылған хабарламада.

Күдіктілерге үйқамақ ретіндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

Сонымен қатар, қазір HRT қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшелерін еліміздің жеті өңірінде, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жамбыл облыстарында, сондай-ақ, Астана және Алматы қалаларында құру дерегі бойынша соталды тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget