2018 жылы «Халықты жұмыспен қамту туралы» заңға өзгеріс еніп, нәтижесінде халықты жұмыспен қамтуды жетілдіре түсу үшін электрондық еңбек биржасы іске қосылды. Осылайша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жүзеге асырған электрондық еңбек биржасы мемлекеттік жұмыспен қамту орталықтарының, жеке агенттіктердің, онлайн платформалардың ұсынған бос жұмыс орындары мен түйіндемелерін бірыңғай цифрлық алаңға жинаған жобаға айналды. Биржа қанша Қазақстан азаматының жұмыспен қамтылуына ықпал етті? Әлеуметтанушы мамандар биржаның пандемиядағы хал-алуалына қандай баға береді?
Электрондық еңбек биржасы іске қосылғаннан кейін Халықты жұмыспен қамту орталығы жұмыс берушілермен тығыз байланыс орнатып, екі жаққа жа тиімді іс-қимыл жасап келеді. Мысалы биржа ашылғанға дейін 1200 жұмыс беруші орталықпен бірігіп байланыс орнатса, биржа ашылғаннан кейін жұмыс берушілер саны үш есе, яғни 3600-ге өскен. Қазіргі таңда бұл көрсеткіштердің ауқымы едәуір кеңейді. Мәселен қазіргі электрондық еңбек биржасының сайтында жұмыспен қамту органдары, жеке агенттік, БАҚ, жұмысқа орналасуға арналған онлайн-платформалардан 30 мыңнан аса хабардандыру жарияланып тұр.
Еңбек биржасындағы көрсеткіштер ай сайын өзгеріп отырады. «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ дерегіне сүйенсек, қазан айында биржада 93 мың вакансия, сонымен бірге 54 мың түйіндеме жарияланған. Біліктілікті талап ететін санатта 65,5 мың вакансия мен 34,7 мың түйіндеме бар. Салыстырар болсақ, қыркүйекте жалпы саны 100 мың вакансия мен 67 мың түйіндеме жарияланған, оның 67,4 мыңы біліктілікті қажет етеді, түйіндемелердің 46,9 мыңында біліктілік көрсетілген. Бұл дегеніміз вакансиялар жалпы саны қазанда 7%-ға, ал біліктілікті талап ететін вакансиялар саны 2,9%-ға азайған.
Әлеуметтанушы Заманбек Данаевтың айтуынша, электрондық еңбек биржасы қазір шын мәнінде жұмыспен қамтудың орталығық платформасына айнала алмай отыр.
«Электрондық еңбек биржасының негізгі тиімді тұсы әкімшілік шығындардың жою еді. Соның әсерінен жұмыс берушілердің халықты жұмыспен қамту орталықтарына бос жұмыс орындары жайлы мәліметтерді тікелей ұсынуы міндеттелмей, оны онлайн түрде электрондық еңбек биржасындағы жеке кабинеті арқылы жасай алатын болды. Бірақ қазіргі тенденцияларды қарасақ, биржа өзінің толық мүмкіндігін алдағы уақытта ашады деп ойлаймын. Оның үстіне биылғы пандемия жұмыс орындарының қысқаруына, биржа жұмысының бәсеңдеуіне, халықты жұмыспен қамту процесінің үзілуіне ықпал етті», - дейді Заманбек Данаев.
Әлеуметтанушы биылғы бірінші тоқсанда биржа жақсы жұмыс істегенін атап өтті.
«Министрліктің деректеріне сүйенер болсақ, биылғы бірінші тоқсанда электрондық еңбек биржасы арқылы 281 мыңға жуық қазақстандық жұмысқа орналасқан. Төтенше жағдай, өңірлердегі карантиндерді ескеретін болсақ, бұл нашар көрсеткіш емес. Дей тұрғанмен, мемлекеттік бағдарламалар арқылы жұмыс орындарын ашуда сапалық және сандық көрсеткіштерді қайта қарау керек. Соның ішінде нақтырақ айтсақ, электрондық проактивті қызмет тетіктері, онлайн-қызмет, электрондық еңбек шарттарын тіркеу сияқты процестерді атауға болады», - дейді ол.
Еске салайық, қазір электрондық еңбек биржасында жалпы саны 312 049 жұмыс беруші, 1 268 841 жұмыс іздеуші, 54 жеке агенттiктер, 4 БАҚ, 6 онлайн-алаң тіркелген. Бүгінге дейін биржа жұмыс берушілерге білікті маман табуға, жұмыс іздеушілерге мамандығы бойынша жұмыс табуға ықпал етіп келеді. Сонымен бірге биржада «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орнын жабдықтауға байланысты жұмыс берушілерге қолдау көрсетіп, халықтың барлық әлеуметтік топтарын жұмыспен қамтуға ықпал етіп жатыр.