- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Электронды оқулыққа дайынбыз...
Электронды оқулыққа дайынбыз ба?
Білім бұлағы — кітап. Алайда, мектеп оқулықтарындағы қателер мен кітаптың жетіспеушілігі оқушының да, ата-ананың да, мұғалімнің де өмірін қиындатып отыр. Оған қоса, білім саласындағы түрлі реформалар мен өзгерістер бұл жағдайды ушықтыру үстінде. Солардың бірі — оқулықтарды электронды форматқа көшіру. Оқушылардың ауыр сөмкелерін планшеттер ауыстырады деп күтілуде. Алайда біз осыған дайынбыз ба?
Еске сала кетейік, ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов былай деген болатын :
«Шағын жинақтық мектептерде қаладағы мектептермен салыстырғанда білім беру сапасында айырмашылық бар. Осы мәселені шешу үшін шағын жинақтық мектептерде онлайн білім беруді енгіземіз. Жалпы, 1-11 сыныпқа дейін оқулықтар толық электронды форматқа ауыстырылады. Жалпы электронды оқыту жүйелері 3,7 млн балаға қолжетімді болады», - деді министр.
Баласына кітап іздеп, шырылдап жүрген ата-аналар енді балаларын планшетпен және ноутбукпен қамтамасыз ету керек. Мемлекет барлық оқушыға планшет бере ала ма? Оған қоса, әлі көптеген ауылдарда интернет дұрыс ұстамайды. Ондай жағдайда бұл сұрақ тиімді шешіле ме? Ал балалардың денсаулығы ескерілді ме?
Ардагер ұстаз, тұғыш Еңбек ері иегері Аягүл Төреқызы мұндай реформаларды бастамас бұрын алдымен бар проблемаларды шешіп алу керегін айтты.
«Балалар ауыр оқулықтарды көтеріп жүр. Бұл арқасына зиян деген әңгімені естідім. Шынында да, оқулықтардың салмағы өте ауыр. Балалардың сүйегі әлі қатпаған, соған әсер ететіні анық. Бірақ оқулықтарды жеңілдетудің түрлі жолдары бар ғой. Мысалы, мазмұнды көбейтіп, артық материалдарды алып тастау, ең қажетті деген ақпаратты ғана қалдыру. Оқулықтарды қайта жасау керек деп жатыр ғой, сол кезде осыны ескеру керек.
Оқулықты тасымас үшін оның электронды форматын оқу үшін үйде де, мектепте де планшет немесе ноутбук болу керек. Әрине, болашақта біз оған келеміз. Бірақ қазір бұл қиын. Пандемия кезінде онлайн оқығанда Республиканың түкпір-түкпіріне интернеттің күші жеткен жоқ. Оқушының да, ата-ананың да, мұғалімнің де мазасы кетті. Шынын айтайық, бұл проблема әлі де бар. Біз әлі дамыған елдер қатарына қосылған жоқпыз. Алдымен осы проблемаларды шешіп алмай, басқа реформаны бастап кету дұрыс емес.
Қазір балалалардың көздерінің көруі нашарлап бара жатыр. Ол осы қолдарындағы гаджеттерден, ал енді мектепке келіп, тағы да планшетке қараса, не болмақ?! Техника күшті дамыған елдерде, мысалы, Кореяда, Жапонияда балаларға оны ұстатпайды екен. Яғни, олар оның зиянын түсініп отыр. Кітаптан айырылуға болмайды. Ешқандай электроника оның пайдасын бере алмайды», - деп алаңдаушылық білдірді Аягүл Төреқызы.
Ал химия ғылымдары бойынша PhD докторант, ұстаз Аятжан Ахметжанұлы электронды оқулықтарды тек қосымша құрал ретінде қолдануға болатынын айтты.
А. Жапатова«Электронды оқулықты балама ретінде қолдануға болады. Кейде көп қағаз арқалап жүретін кездер болады. Осындайда, яғни керек кезде оны балама құрал ретінде пайдаланған дұрыс. Бірақ қазір толықтай электронды оқулыққа көшу мүмкін емес. Оған мемлекеттік деңгейде дайын емеспіз», - деді Аятжан Ахметжанұлы.