1 ақпаннан бастап Қазақстандағы электр станцияларында тариф орта есеппен 20 пайызға өсті. Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов тарифтің қымбаттау себептерін түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Есімханов өсімнің негізгі факторы ретінде шикізат пен қосалқы бөлшектер қымбаттауын атады.
"Өздеріңіз білетіндей, Энергетика министрлігі тек электр станциялары өндіретін электр энергиясының тарифтерін бекітеді. Біз оларды жылына бір рет қараймыз және жыл сайын өзгерістер болады. Биыл 1 ақпаннан бастап станциялардағы тарифтер орта есеппен 20 пайызға өсті. Бұған бірнеше фактор әсер етті. Біріншіден, шикізат бағасы өсуі: көмір қымбаттады, инфляция әсерінен қосалқы бөлшектер бағасы көтерілді. Екіншіден, кадр мәселесі: біртіндеп станциялардағы жалақыны көтеріп жатырмыз. Бүгінде білікті қызметкердің орташа айлығы 400–420 мың теңгеге жетті, бұл да тарифке әсер етеді. Сонымен қатар, сапалы жабдықтарды сатып алып, жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы факторлар тарифтері өсуіне ықпал етеді", – деп түсіндірді вице-министр Сенат дәлізінде.
Есімхановтың айтуынша, тұтынушылар үшін тариф күрт өспейді. Ол бағаның өзгеруін Табиғи монополияларды реттеу комитеті бақылайтынын мәлімдеді.
"Бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз, сондықтан ай сайын тариф күрт өспейді. Жылына бір рет жоспарлы өсім қарастырылған. Сонымен қатар, әлеуметтік көмек көрсету мәселелері де қарастырылып жатыр. Тарифтер бірден өспейді: станциялардағы қымбатшылықтан кейін электр энергиясын бөлшек нарыққа жеткізушілер Табиғи монополияларды реттеу комитетіне тарифтерді бекіту туралы өтінім береді. Бұл процесс қоғамдық талқылауды қамтиды және ашық жүргізіледі. Сондықтан тариф бірнеше күн ішінде күрт өседі деп алаңдаудың қажеті жоқ", - деп сендірді Сұңғат Есімханов.
Айта кетейік, Қазақстанның бірнеше өңірінде электр энергиясының шекті тарифі көтерілді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова