Электр энергиясы секторын жаңғыртуға 10 трлн теңге қажет. Тарифтер өзгеруі мүмкін бе?

Электр энергия секторын жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыруға 10 трлн теңгеден астам инвестиция қажет. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Алдын ала бағалаулар бойынша ұлттық жобаны іске асыруға 10 трлн теңгеден астам инвестиция қажет. Қаржыны тарту төрт көзден жоспарлануда: отандық және халықаралық қаржы институттары, екінші деңгейдегі банктер, мемлекеттік бюджет пен Ұлттық қордың қаражаты, сондай-ақ энергетикалық объектілердің иелерінің есебінен", – деді Қанат Бозымбаев.

Ұлттық жобаның инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында Үкімет қаржы институттары мен бизнеске тиімді тарифтер деңгейіне, сонымен қатар қарыздар мен капиталды қайтаруға кепілдік беретін құжаттарды қабылдауды жоспарлап отыр.

Президенттің тапсырмасын орындау аясында жылу, электр және сумен жабдықтау кәсіпорындарындағы жабдықтардың тозуы талданды. Нәтижелерге сәйкес, 22 жылумен жабдықтау кәсіпорындарында тозу көрсеткіші 65 пайыздан 90 пайызға дейін, 18 электрмен жабдықтау объектілерінде – 70 пайыздан 97 пайызға дейін, 13 сумен жабдықтау кәсіпорындарында – 70 пайыздан 100 пайызға дейін, 24 су бұру кәсіпорындарында – 70 пайыздан 100 пайызға дейін жеткені анықталды. Сонымен қатар 55 энергия өндіруші ұйымда жабдықтардың орташа тозуы - 56 пайыз.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында Үкіметке энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны бекітуді тапсырған болатын.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!