- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Елден кету
Елдос Сметов әйелімен бірге Лондонға көшіп кетті
Парижде өткен Олимпиада ойындарының алтын жүлдегері Елдос Сметов әйелімен бірге бірнеше ай Лондонда өмір сүреді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Спортшы бұл туралы былтыр қарашада айтқан. Ол Олимпиада ойындары кезінде ағылшын тілін білмегендіктен, қиналғанын жеткізіп, алдағы мақсатының бірі - тілді жетік меңгеру болатынын айтқан болатын.
"2025 жылдың басында арнайы ағылшын тілін үйрену үшін Лондонға 4 айға барамын. Халықаралық дзюдо федерациясына (IJF) ағылшын тілінде сұхбат бергім келеді", - деген еді спортшы журналистерге.
Енді күні кеше спортшы әлеуметтік желідегі парақшасында Лондонға жолға шыққаны туралы суреттер жүктеді. Оны және әйелін жақын достары шығарып салған.
Еске салайық, бұған дейін Елдос Сметов Олимпиада чемпионы атанғаны хабарланды. Отандасымыз финалда француз дзюдошысы Лука Мхеидзеден айласын асырды.
Елдос қарсыласын негізгі уақытта-ақ жеңіп шықты. Белдесу аяқталуға бір минут қалғанда вазарри әдісін сәтті орындады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Б. Жұмаділлә