- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Елдің нәжісін ішіп...
"Елдің нәжісін ішіп жатырмыз". Алматы облысының тұрғындары жанайқайын айтты
Алматы облысында тұрғындар кәріз суының иісіне тұншығып отыр. Таза ауа жұтып, демалудан қалған қараша базынасын айтып бас көтерді. Сөздеріне сенсек, аумағы 14 гектар болатын кәріз қалдықтарын төгетін бассейндер ернеуіне жетіп, жер астымен жылғалай аққан су ауыл іргесіне келіпті. Десек те ассенизаторлар арнасынан асуға шақ қалған орынға қалдықтарды төгуді тоқтатар емес. Бұлай жалғаса берсе "қоламса иісті былай қойып, топан судың астында қаламыз ба" деп алаңдайды ел. Мәселесін айтып ашынған ағайынның арызын Massaget.kz тілшісі тыңдап қайтты.
Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов
Ұзын-сонар кезекпен лас судың жанына бара жатқан Ұзынағаш ауылының тұрғындары - бұл. Базынасын билікке бірнеше мәрте айтқан ағайын бүгін Күлтөбенің басына тағы жиналды. Сондағысы: "нәжіс суы төгілетін орын толып, тұтас ауылды топан су басып кете ме?" деген уайым.
Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов. Ұзынағаш ауылының тұрғыны Абдусаид Ергешов
"Біз 2013 жылы келген кезде бар еді. Басында бір 3 үй болды, қазір 100-ден асып кетті. Кешке терезені аша алмайсың. Есікті ашсаң лас ауа өкпені бітейді. Осы иістің кесірінен аурухананы жағалағандар көбейді. Қаладан қонақ шақыра алмаймыз. Келген адамдар "өлексенің иісі шығады" деп жиіркенеді. Бүгінгі кәріз қалдықтарының иісі - катаклизма. Мұның көзін құрту керек. Мынау соңғы бөгет. Егер бұл жарылса ауылдың барлығы суға кетеді", - дейді ауыл тұрғыны Абдусаид Ергешов.
Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов
"Танауды бітейтін иістен қашан құтыламыз" деген қарашаның төзімі әлдеқашан түгесілген. Алайда аумағы ат шаптырым кәріз қалдығынан құтылудың жолы жоқ. Салдары да сойқан.
Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов. Су ағызатын орын.
Сасық иіс пен жағымсыз дәм құдық суынан да сезіледі екен. Ал мұндағы жұрттың жағдайы жеткені суды сатып алып, қалғаны амалсыз құдық суын ішуге мәжбүр. Кәріз қалдығынан құтылмаса қараша түрлі дертке тап болуы мүмкін.
Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов. Ауыл тұрғыны Есепбай Есімхан.
"Бұл жерде отырған халықтың бәрі құдықтан су ішеді. Былайша айтқанда елдің нәжісін ішіп жатырмыз. Құдықтың суында жаман иіс пен дәм бар. Сасық судың кесірінен түрлі ауру тарайды ғой. Балалар далада ойнап келіп құдықтың суын ішеді. Балалардың өміріне алаңдап қалдық. Қораның түбінен су шығып жатыр. Өзім жаздай сиыр бағып жүремін. Олар осы жерден су ішсе сүті бұзылып кетеді. Іріп, иістеніп кетеді. Мал бағуға да қолайсыз, - дейді ауыл тұрғыны Есепбай Есімхан.
Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов
Адамның да, малдың да мазасын алған мәселені жергілікті атқамінерлер білсе керек. Бірақ төбе көрсетіп келмейді, мәселенің күрделі екеніне сенбейді. Жергілікті жұрттың ауылдың әкімі келсе, құдықтың суынан бір ұрттап көрсе деген тілегі бар.
Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов
"Әкімді шақырсақ келмейді. Келіп бір стакан су ішіп көрсінші. Тауысып ішпесе де бір ұрттап көрсінші! Сол кезде білетін еді. Жоғарыда отырған басшыларды халыққа қызмет қылсын деп сайлады. Ал олардың халыққа жаны ашымайды", - дейді ауыл тұрғыны Әлімжан Мәмет.
Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов. Ұзынағаш ауылы.
Жаны ашымайтын жауапты сол күйі елдің жайын білуге келмеді. Ал Жамбыл ауданы ТҮКШ және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Қайсар Әпсейітов Ұзынағаш ауылының кәріз жинау алабы 90 пайыз толуға таяғанын жасырмады. Кезінде 25 мың адамға есептелген полит фильтрацияға бүгінде 50 мың адамның қалдығы төгіліп жатыр екен.
Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов. Жамбыл ауданы ТҮКШ және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Қайсар Әпсейітов.
"Бұлар 1960-70 жылдары салынған. Ол кезде 25 мың адамға арналған ұяшық болған. Бүгінгі күнде ұзынағаш ауылында 50 мыңнан астам халық тұрады. Енді бұл мәселені шешу үшін 2021 жылы жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалған. Ауыл бойынша 48 шақырым кәріз жүйесін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ полит фильтрацияны Ұзынағаш ауылынан төмен қарай 38 шақырым жерге көшіреміз. Ол жақтан 100 гектар жер бөлінді. "Толағай 2050" компаниясымен келісім-шартқа отырдық. Жобаның құны 7,6 млрд теңге", - дейді Қайсар Әпсейітов
Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов.
Алайда бұл жұмыстар 2026 жылы ғана аяқталмақ. Оған дейін қазіргі 14 гектар жерден екі гектар ұяшық қазу жоспарда бар екен. Бұл жұмыстың нақты қашан аяқталатыны 15 сәуірде белгілі болмақ. Ал қарапайым қарашаның "күштінің демі диірмен тартады" деп үкіметке сенуден басқа шаралары жоқ. Ал әзірге төзімсіз тағатқа талғау болар бір ғана жол бар. Бұқара ауылға жақын маңдағы орынға көліктер кәріз қалдығын төгуді доғарса дейді.
Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Зинешов