Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған дарынды балалар Алматы әкімдігі эстрада-симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен шығармашылық жастардың «Балалар әлем ырғағында» атты ІІ фестивалінде өнер көрсетті.
Ақтық сынға 2 мыңнан астам өтініш арасынан 12-17 жас аралығындағы үздік 24 өнерпаз өткен. «Әділқазы алқасына жеңімпазды анықтау қиынға соқса керек, себебі, бекітілген регламенттен асыруға тура келді», – дейді ұйымдастырушылар.
«Фестивальге қатысушы балалардың дені аз қамтылған отбасыдан таңдалды. Шалғай ауыл-аймақтан да балаларды алдырдық. Батыс Қазақстан, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Петропавл облыстарынан өнерпаздар келді», – дейді Қазақстан ЮНЕСКО Ұлттық федерациясы клубының вице-президенті Серкан Аязбаев.
Қорытынды концерт Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында өтті. Көрермендер хореграфиялық өнерге де, аспаптарда орындалған өнерге де, вокалдық орындауларға куә болды. Сонымен қатар, өнерпаздар жанды дауыста өнер көрсетті. Жас таланттарды Аида Аюпова, Mezzo, Алаш Ұлы, KeshYou топтары қолдау танытып, жырдан шашу шашты.
Шара барысында Қазақстан ЮНЕСКО Ұлттық федерациясы клубы Alash Media Group холдингына Tengrinews.kz және Massaget.kz порталдарында ақпараттық көрсеткені үшін «Құрметті серіктес» мәртебесін табыстады.
Концерт нәтижесі бойынша әділқазы алқасы 9 жеңімпазды анықтайды. Жеңімпаздар бір аптадан кейін Париждегі ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде өнер көрсетеді. ІІ шығармашылық жастардың «Балалар әлем ырғағында» атты ІІ фестивалі ҚР-ның ЮНЕСКО-ға кіруінің және ҚР-ның ЮНЕСКО бойынша ұлттық компаниясының құрылуының 25 жылдығын, ЮНЕСКО қозғалысының 70 жылдығына арналады.