Су ресурстары және ирригация министрлігі Қазақстан мен Қытай шекарасында бөгет жарылуына қатысты мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ведомство мәліметінше, мамандар қытайлық әріптестерімен үнемі байланыста. Қытай тарапы трансшекаралық өзендер арқылы секундына 1400 текше метр су жіберілгенін хабарлаған.
"Елдімекендерді су басу қаупі жоқ. Бүгінде Боран гидробекеті аумағындағы Қара Ертіс өзенінде су жіберу көлемі секундына 1700 текше метр, судың деңгейі 543 сантиметр болады.
Ағын су келуін ескере отырып, Боран ауылы аумағында Қара Ертіс өзеніндегі гидрологиялық бекетте су деңгейі көтеріледі деп күтіліп отыр", - деп жазылған министрлік хабарламасында.
ШҚО "Қазсушар" филиалы мамандарының жұмысы күшейтілген кестеге ауысқан. Өскемен су қоймасынан (Бұқтырма су қоймасының контрреттегіші) су жіберу секундына 500 текше метрден 800 текше метрге дейін ұлғайтылған.
"Жағдай министрдің жеке бақылауында. Ертең ведомство басшысы Шығыс Қазақстан облысына барады. Бүгін өңірде вице-министр Нұрлан Алдамжаров жүр", - деп жазылған хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстан мен Қытай шекарасында бөгет жарылғаны хабарланды.
Алдын ала мәліметтер бойынша бөгет Қытай тарапынан, Қазақстан шекарасынан 100 шақырым жерде жарылған.
"Су қатты келіп жатқан жоқ, 2 сантиметрге жетеді. Бірақ бұл осы ауылдың аумағында ғана. Қазір жұмыс жалғасып жатыр. Учаскеде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды, ТЖБ-ның төрт қызметкері кезекшілік етеді. Оларда көлік, қайық - барлық қажет жабдық бар. Аудан әкімі сол жерде, ТЖБ бастығы да бар", - деді Марқакөл ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Әсем Болысова.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!