- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Елдеріңіз әдемі, бірақ...
"Елдеріңіз әдемі, бірақ алаяқтар...". Алматыда такси жүргізушісі туристерді ақшасыз қалдырған
Алматыда такси жүргізушісі әуежайдан қала орталығына бару үшін туристерден 50 мың теңгеге жуық ақша алып, ерлі-зайыпты шетелдікті ақшасыз қалдырған. Бұл туралы Tengritravel жазды.
Үндістаннан Қазақстанға турист ретінде ұшып келген ерлі-зайыптылар келеңсіз оқиғаға тап болған.
Олар 8 маусым күні сағат 22:00 шамасында Душанбеден Air Astana ұшағымен келген. Өкінішке қарай, туристер Интернет қоса алмаған.
"Телефонымызда халықаралық роуминг қосылып және Яндекс.Такси қолданбасы орнатылған. Келген кезде тапсырыс жасамақ болдық. Бірақ интернет белгілі бір себептермен жұмыс істемеді. Сондықтан тікелей такси іздеуге тура келді. Бір жүргізуші баратын жеріміз – "АДК" сауда ойын-сауық орталығының жанында орналасқан "Ала Парк" тұрғын үй кешеніне апаруға келісті. Ол бізді әр метрді есептейтін таксометр қосып апаратынын айтты.
Біз келісіп, ғимараттан шықтық. Көлікке мінген бойда жүргізушінің жанындағы алдыңғы орындыққа тағы бір адам отырды. Сағат 23:00 шамасында еді", - дейді турист әйел Пуджа Баджадж Сапра.
Межелі жерге жеткенде жүргізуші жол ақысы үшін шындыққа жанаспайтын қаржы – 25 000 теңге сұраған.
"Біз келіспедік. Себебі бізде бар болғаны 16 000 теңге қолма-қол ақша және 800 тәжік сомони (шамамен 33 000 теңге) бар еді. Ол барлық ақшаны беруді талап етті. Төлеуден басқа амалымыз қалмады. Тіпті түбіртек беруден де бас тартты. Сөйтіп, ақшасыз қалдық, тіпті өзімізге ештеңе сатып ала алмадық. Тек келесі күні банкомат тауып, қолма-қол ақша алып, тамақтандық", - дейді үндістандық азамат.
Пужа Баджадж Сапра жүргізуші ұсталып, ақшаны қайтарып алудан үміті бар.
"Өтінемін, осы мәселені қарастырып, басқа туристерді осы алаяқтықтан құтқарыңыз. Сіздерде әдемі ел бар, осындай алаяқтар елдің беделін түсіріп, туризмге әсер етеді", - дейді ол.
Әйел күйеуі екеуі Қазақстанды алғаш рет көруге келгенін айтады. Алматыда Үлкен Алматы көліне, Көктөбеге және басқа да көрікті жерлерге барған.
Tengritravel.kz редакциясы құқық қорғау органдарына шағымданған. Құқық бұзушыны іздеуге әуежайдың желілік полиция бөлімі мен Бостандық аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері қосылған. Жүргізуші шағымнан кейін бірнеше сағаттан соң ұсталды.
"Такси жүргізушісі анықталып, ұсталды. Оны есепке қою үшін Бостандық ауданының полиция бөліміне жіберілді", - дейді тәртіп сақшылары.
Кейін Алматы полиция департаменті такси жүргізушісі 1977 жылы туған жергілікті тұрғын екенін айтты.
"Бұл дерек БАҚ сауалынан белгілі болды. Шетел азаматтары полицияға арызбен жүгінбеген, соған қарамастан тексеру жүргізіліп, жеке такси жүргізушісі анықталып, ұсталды. Қазіргі уақытта істің объективті мән-жайларын анықтауға бағытталған шаралар кешені жүргізіліп жатыр. Такси жүргізушісінің әрекетіне заңға сәйкес құқықтық баға беріледі", - деп атап өтті ПБ баспасөз қызметі.
Айта кетейік, бұған дейін тағы бір такси жүргізушісі үндістан азаматтарын алдап, 355 мың теңгесін алған. Кейіннен таксист қамауға алынған болатын.
Т. Раушанұлы