“Елдеріміз жаһандық жаңашылдықтардан кенже қалмауға тиіс“ - Тоқаев

“Елдеріміз жаһандық жаңашылдықтардан кенже қалмауға тиіс“ - Тоқаев
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысында сөз сөйледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қасым-Жомарт Тоқаев әлем экономикасы трансформацияланып жатқан кезеңде жаңа табыс көздерін іздеу тағы бір басымдық екенін атап өтті.

"Ұлттық экономикалардың ұзақ мерзімді орнықтылығы мен болашақтағы орнын сайлауы жаңа технологиялық сын-қатерлерге жедел бейімделуіне тікелей байланысты. Бұл жөнінде біз кеше, Еуразиялық экономикалық форумның алғашқы күнінде, талқыладық. Жаппай цифрландырудан бастап жасанды интеллектіге дейінгі технологиялық прогресс толқыны бірінен соң бірі туындап жатыр. Осылайша, технологиядағы әрбір жаңа белес озық ойлы адамдарға мүмкіндік сыйлайтын келесі соны серпіліске негіз қалайды. Сарапшылардың пікірінше, алдағы 20 жылдың ішінде биотехнология, автономды жүйелер, ғарыш экономикасы, энергияны сақтау, кванттық есептеу секілді маңызды технологиялық үдерістердің тұтас легі пайда болады. Мәселен, ұзақ мерзімді болжам бойынша 2035 жылға қарай әлемдік робот техникасы нарығының көлемі 376 миллиард доллардан асады. Виртуалды шынайылық индустриясындағы қаржы айналымы 700 миллиард долларға жуықтайды. Әрине, біздің елдеріміз осы жаһандық жаңашылдықтардан кенже қалмауға тиіс. Еуразиялық экономикалық комиссия перспективті даму бағыттарында нақты тәжірибе алмасуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсетуі керек деп санаймын", – деді Мемлекет басшысы.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget