Батыс Қазақстан облысында атышулы іс бойынша блогерге сот үкімі шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Орал қалалық сотында Б.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды. Ол бірнеше рет алаяқтық жасағаны, бопсалағаны және қылмыстық жолмен келген ақшаны айналымға тартқаны үшін айыпталған.
Әлеуметтік желілерді белсенді пайдаланған Б. су тасқынынан зардап шеккен саяжай иесін тұрғын үй алуға көмектесемін деп алдап, оның 170 мың теңгесін иемденген. Сондай-ақ, жергілікті жазушының кітабын шығару деген сылтаумен азаматтардан 580 мың теңге жымқырған. Бұдан бөлек, ауылдық округ әкіміне қатысты жағымсыз мәліметті таратамын деп қорқытып, 500 мың теңге бопсалаған.
Сот мәліметінше, ол 200 000 теңге берілгеннен кейін қалған соманы алу кезінде ұсталған. Б. қаражаттың 830 мың теңгесін спорттық бәс тігуге жұмсап, заңсыз түрде 1,2 млн теңге көлемінде табыс тапқан.
Сот үкімімен Б. барлық айып бойынша кінәлі деп танылып, 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Заңсыз табыс тәркіленді. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!