"ҚазАвтоЖол" ҰК АҚ 2026 жылдың қаңтар-қазан айларының қорытындысы бойынша республикалық маңызы бар 28 ақылы жолдың рейтингін жариялады. Көш басында Алматы – Қонаев тасжолы тұр. Бұл бағытта көліктердің 10,8 млн-нан астам рет өткені тіркелген, деп хабарлайды Massaget.kz.
Биылғы 10 айда Қазақстанның ақылы жолдарымен көліктер 68,3 млн рет жүріп өткен. Соның жартысына жуығы, яғни 33,5 млн өту немесе 49,1 пайызы, ең көп пайдаланылған бес бағытқа тиесілі.
Ең көп пайдаланылған бес бағыт
Рейтингте Алматы – Қонаев тасжолы бірінші орында тұр. Бұл жолмен көліктер 10 834 980 рет жүрген. Екінші орында Шымкент – Өзбекстан шекарасы бағыты – 8 033 519 рет. Үздік үштікті Шымкент – Тараз тасжолы түйіндейді. Мұнда 5 652 809 рет көлік өткені тіркелген.
Ең көп пайдаланылған бес ақылы жолдың қатарына Тараз – Қайнар (4 964 599) және Шымкент – Қызылорда (4 061 676) бағыттары да енді.
Бұл көрсеткіштер Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлеріндегі көлік қозғалысының қарқынды екенін көрсетеді. Аталған жолдар ірі қалаларды, маңызды көлік тораптарын және халықаралық дәліздерді байланыстырады.
Орталық және солтүстік өңірлердегі ақылы жолдарда да қозғалыс қарқынды. Атап айтқанда, Астана – Теміртау тасжолында 3,7 млн-ға жуық, Астана – Щучинск бағытында 3,4 млн, ал Қонаев – Талдықорған жолында 3,2 млн рет көлік өткені тіркелген.
Ең көп пайдаланылған алғашқы он ақылы жолға 48,8 млн өту тиесілі. Бұл – 2026 жылдың алғашқы 10 айындағы жалпы көрсеткіштің 71,5 пайызы.
2026 жылдың 10 айындағы ақылы жолдардың рейтингі
Рейтингте ақылы жолдармен жүріп өткен көліктердің жалпы саны емес, олардың қанша рет өткені есепке алынған. Бір автокөлік бір ақылы жолмен бірнеше рет немесе әртүрлі ақылы жолдармен жүріп өтуі мүмкін.