Елдегі 59 теміржол вокзалының 54-і жөндеуді қажет етеді - Көлік министрі

Елдегі 59 теміржол вокзалының 54-і жөндеуді қажет етеді - Көлік министрі
Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

Елдегі теміржол вокзалдарының 90%-ы жөндеуді талап етеді. Бұл туралы Үкімет отырысында Көлік министрі Марат Қарабаев мәлім етті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Тасымалдау процесінің қолайлылығын қамтамасыз ету үшін теміржол вокзалдарын модернизациялау қажет.

"Елдегі59 негізгі теміржол вокзалдарының (жергілікті орган - 8, ҚТЖ - 51) 54 вокзалы (жергілікті орган - 4, ҚТЖ - 50) жөндеуді талап етеді. Қазіргі уақытта тек Қызылорда, Шымкент, Павлодар және Түркістан қалаларының вокзалдары толық күрделі жөндеуден өтті. Қалған вокзалдарды жөндеу бойынша қажетті техникалық құжаттар әзірленуде және қаржыландыру көздері мен механизмдері пысықталып жатыр", - деді Көлік министрі.

Инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырумен қатар, магистралдық теміржол желісін дамыту бойынша да бірқатар жұмыстар жүргізіліп жатыр. 

"Тасымалдардың үздіксіздігін және магистралдық теміржолдардың қуаттылығын арттыру үшін Мемлекет басшысының тапсырмасы шеңберінде 2029 жылға дейін 11 мың шақырым теміржол учаскелеріне жөндеу жұмыстары жүргізілмек, оның 2 800 шақырымында тиісті жұмыстар аяқталды (26%). Сонымен қатар жалпы ұзындығы 5 мың шақырымды құрайтын (оның ішінде 1,3 мың км салынып жатыр) жаңа және екінші жолдардың құрылысы, 2 мың 600 шақырымға автоблокировканы енгізу және 184 станцияны модернизациялау жоспарланған", - деп атап өтті министр баяндамасында. 

Айта кетейік, елдегі ескі вагондарды жаңарту бойынша да жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қазақстан 2029 жылға дейін 1200 жаңа жолаушылар вагонын сатып алуды жоспарлап отыр. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

А. Бақдаулет