Елде тұрғын үй саудасы төмендеген. Ақпан айында 30 мыңнан астам мәміле жасалған. Бұл қаңтар айындағы көрсеткіштермен салыстырғанда 4 пайызға аз. Ең үлкен құлдырау Алматыда байқалады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Елордадан Алматыға көшуді көптен бері армандап жүргендердің бірі Еламан. Бірақ соңғы оқиғалардан соң жас жігіт бұл ойынан айнып қалды. Жалақысы жақсы жұмыс туралы ұсыныс түссе де астаналық азамат Алматыға кетуге асықпайтынын айтады. Бәріне себеп сейсмикалық жағдай. Еске салайық, 25-ші қаңтар мен 4-ші наурызда Алматыда 5 баллдық жер сілкінісі болды.
"Мен Алматыға көшуді бұрыннан армандайтынмын. Биыл жазда осы жақтағы пәтерімді сатып, анаммен бірге сол жаққа ауысуды жоспарлағанмын. Бірақ жер сілкінісінен кейін ойымнан айнып қалдым. Жер асты дүмпулері бірнеше рет қайталанғаны қорқытады. Әзірге, астанада қаламын", - дейді Астана тұрғыны Еламан Мұстафа.
Ақпанда Алматыда баспана саудасы бәсеңдеп, 22% қысқарды. Тұрғын үй сату мен сатып алу бойынша 6,5 мың келісімшарт жасалған. Ал бір ай бұрын көрсеткі 1,5 мыңға көп болды. Статистикаға сай, сегіз жылда бірінші рет мегаполистегі баспана саудасы мен жалға беру бағасы қатар төмендеді.
"Биіктігі 9 қабатты үйлерде біз алдағы алты айда шаршы метр құнының төмендейтінін байқаймыз. Онда пәтерді арзанырақ сатып алуға болады. Өйткені сейсмикалық белсенділікке төтеп бере алмауы мүмкін. Сондықтан қазір осындай пәтрелерді көптеп сатып жатыр. Бірақ мұндай дүрбелең уақытша құбылыс екенін де ескеру керек. Мұндай сауда алдағы бір-екі ай сақлатар. Содан кейін сатып алушылар да, сатушылар да тыныштала бастайды. Мұндай аномальды ұсыныстар болмайды", - дейді инвестициялар және жылжымайтын мүлік нарығының халықаралық сарапшысы Лев Тетин.
"Алматы үлкен мегаполис. Шаһарға жан-жақтан баратындар өте көп. Жер сілкінісіне байланысты тұрғын үй саудасының бәсеңдуі уақытша құбылыс", - дейді сарапшылар.
Сайып келгенде, алдағы үш жылда пәтерлер арзандамайды. Бұған құрылыс материалдарының басым бөлігі ипортталатыны себеп. Тасымал шығыны тұрғын үй құнына қосылады. Бұдан бөлек, елдегі демаграфияның өсуі де, жыл сайын тұрғын үйлерге сұранысты арттырып келеді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!