- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Елде соғым бағасы...
Елде соғым бағасы қанша? Базардан фоторепортаж
Соғым науқаны басталды, Қазақстанның өңірлерінде ет бағасы қанша болып тұр? Тұтастай соғым алғаннан бір жілік алған тиімді ме? Қашар, жылқы нарықта қазір қанша болып тұр? Massaget.kz тілшісі бұл сұрақтардың жауабын іздеп, ел өңіріндегі соғым бағасына шолу жасады.
Әдетте, қазақтар қараша мен желтоқсан басында соғым алып, қысқа дайындалады. Жыл сайын соғым бағасы әрі кетсе 500 теңгеге өссе, биыл түрлі саяси ахуалдың кесірінен ет бағасы екі есеге өскен.
Ақтөбе тұрғыны биыл соғымды көтерме бағамен алғанын айтады. Ол былтыр соғымға жылқы етін алса, биыл тұтас сиыр етін алған.
"Біз тұтас қашар етін алдық. Жыл сайын алып жүрген танысымыз бар, ол бізге көтерме сауда бағасымен 2 мыңға берді. Соғымымыз 140 келі болды. Бізге 280 мың теңгеге шықты. Бұл базардағы баға емес, базарда қазір 2 мың жарым теңгеден жоғары, сонда бізге 350 мыңға шығатын еді", - дейді ол.
Тұтас соғым мен малдың бір аяғының бағасы әртүрлі. Әдетте 12 жілікті тұтас алуға шамасы келмейтіндер өзара бөліп алады. Бұған қоса, тұтас малдың етін алған тиімді. Соғым науқаны басталғалы ет бағасы өршіп тұр. Тұрғындардың айтуынша, қазір жылқының бір аяғы - 2600 теңге.
OLX-тегі соғым бағасын қарасақ, ел шығысында жас биелер 600 мыңнан басталады. Ал тұтас сиыр еті 200 мыңнан басталып, 400 мыңға жетеді. Батыс Қазақстан облысында тұтас сиыр еті 200-300 мың аралығында тұр. Ал Солтүстік Қазақстанда жылқы етінің бағасы тіпті 700 мыңға жетеді.
Екі ай бұрынғы "Көк базардағы" ет бағасы
Бұдан екі ай бұрын "Көк базардағы" сатушылар еттің бағасы неге күрт өскенін айтты. Кейбір ет сатушылар ет бағасы Мемлекет басшысының қыркүйектегі жолдауынан кейін өсіп кетті дейді. Әрине бұған әлемдегі саяси ахуал да әсер етеді. Мәселен, соғыс басталғаннан кейін ет бағасы мың теңгеге қымбаттаған.
"Украина мен Ресей арасындағы соғыс пен инфляцияға байланысты. Бұдан басқа, ет бағасы нарықтағы бағаға қарай өзгереді ғой. Біздің ет арзан болып жатқасын, кейбірі тіпті шетелге тасып жатыр. Бәрі "Путин ағамызға" байланысты", - дейді ет сатушы.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек