Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова 2021 жылдан бастап проблемалық қарызы бар қазақстандықтардың саны өсіп жатқанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның айтуынша, еліміздегі жеке тұлғалардың несиелерінің жалпы көлемі - 18 триллион теңге, ал қарыз алушылардың саны 8 миллионнан асады. Кейінгі 3 жылда тұтынушылық кредит беру сегментінде өсім байқалған.
"Ұлттық банктің дерегінше, 2021 жылдан бастап кепілсіз тұтынушылық кредиттердің орташа жылдық өсуі 33 пайыз болған. Биыл 8 айда тұтынушылық кредиттер портфелі 9,2 триллион теңгеден асады. Екінші деңгейлі банктердің проблемалық қарыздар деңгейі 5,2 пайыз немесе 0,5 триллион теңгеден асты. Мерзімі өткен кредиті бар қарыз алушылар саны 516 мың адамды немесе қарыз алушылардың жалпы санынан 7 пайызына тең", - деді төраға Мәжілістегі Парламенттік тыңдауда.
Мәдина Әбілқасымова қазір банктер өтелменген кредиттерді есептен шығарып жатқанын атап өтті.
"512 мың қарыз алушы бойынша баланстан есептен шығарылған кредиттер көлемі 434 млн теңгеге дейін жетті. Өткен жылы микроқаржы секторында тұтынушылық микрокредиттер портфелі 46 пайызға өсті. Биыл 8 айда ол 11 пайызға ұлғайып, 1 трлн теңгеге жетті", - деді ол.
Агенттік төрағасы қарызын қайтара алмайтын тұрғындардың саны өскенін жеткізді.
"Проблемалық қарыздар 8,8 пайызға тең, олар 2021 жылдан бері 180 пайызға ұлғайып, 98 миллиард теңге болды. 2021 жылдан бастап проблемалық қарыз алушылар саны 190 мыңнан адамнан 347 мың адамға дейін өсті", - деді Мәдина Әбілқасымова.
Аяз Есен
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз