2025 жылдың басынан бері 111 бірыңғай байланыс орталығына балалардан 110 999 өтініш түскен. Бұл туралы Балалардың құқықтарын қорғау комитеті мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның ішінде 108 987 өтініш мектептер мен колледждерде орналастырылған QR кодтар арқылы, ал 2012 қоңырау телефон арқылы қабылданған.
"Байланыс орталығының жұмысы барысында 3 499 балаға психологиялық көмек көрсетілді, 1 602 өтініш бойынша тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп, жедел қолдау ұйымдастырылды", - деді ведомство өкілі.
Ең көп өтініш түскен өңірлердің қатарында Алматы қаласы (9 160), Батыс Қазақстан (7 654) және Түркістан (7 478) облыстары бар. Ал ең төмен көрсеткіштер Ұлытау (1 017), Солтүстік Қазақстан (1 738) және Абай (1 765) облыстарында тіркелген.
"Күн сайын мамандар жүздеген баланың жанайқайын естиді. Бірі уайымын, бірі қорқынышын, енді бірі отбасындағы қиындықты, бірі ата-ана, достар арасындағы түсініспеушілікті бөліседі", - деді Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова