- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Елді қан қақсатқан...
Елді қан қақсатқан банданың соңғы мүшесі ұсталды: күдікті қашып жүрген 26 жыл ішінде үш бала өсірген
Ақмола облысында 90-жылдары елді қан қақсатқан "Нагоев бандасының" соңғы – 10-мүшесі ұсталды. Тоғызы сотталып, тіпті екеуі өлім жазасына, қалғаны ұзақ мерзімге кесілгенде бұл жігіт қашып құтылған. 26 жылдан кейін қолға түскен 55 жастағы күдікті сақал қойып, аты-жөнін, тіпті туған күніне дейін өзгертіп тастапты. Сөйтіп ширек ғасыр емін-еркін жүрген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Қылмыстық топ кезінде жол торып, адам өлтіріп, көліктерін тонап, оны бөлшектеп Ресейге апарып саудалаған.
90-жылдары үлкен жолды торуылдап жүк көліктерін тонаған "Жүнісов бандасын" көкшетаулық жұрт әлі ұмыта қойған жоқ. Қылмыстық топ 12 адамды ажал құштырып, мүлкін тонаған. Дәл сол уақытта жолда "Нагоев бандасы" да талайды қан қақсатқан, бірақ одан бері 30 жылдам астам уақыт өтсе де, қылмыскерлердің бәрі ұсталмаған екен.
"Нагоев бандасы" 10 адамнан құралған екен. Бірнешеуі ішкі істер органдарының бұрынғы қызметкері. Қаскөйлер 1998 жылы мұздай қаруланып, милиция киімін киіп, көліктерді қызметтік ала таяғымен тоқтатқан. Сосын жүргізушісін өлтіріп, көлігін бөлшектеп, көрші Ресейге апарып саудалапты. Осындай ауыр қылмыс жасаған 9 адам қолға түскенде, біреуі қашып кеткен. Ол 26 жылдан кейін ұсталды.
Ешкім танымас үшін қауға сақал өсіріп, аты-жөнін, тіпті туған күнін де өзгертіп тастаған. Азаматтық некеде тұрып үш бала өсірген. Оларды да сол жалған атына тіркепті. Өзі астық саудасымен айналысса керек, бірақ көп жыл өтсе де, ауыр қылмыс болғандықтан жазасы ауыр болуы мүмкін.
"Криминалдық полиция аталған топтың соңғы мүшесін ұстады. Ол 90-жылдары қылмыстық жауапкершіліктен жалтарып қашып кеткен. Осы уақытқа дейін Қазақстан аумағында заңсыз құжатпен жасырынып жүрген. Оған қатысты екі немесе одан көп кісі өлтіру, қарақшылық, экономикалық контрабанда және қызметтік шенді заңсыз пайдалану бабы бойынша тергеу басталды", - дейді Ақмола облысы полиция департаменті басқарма бастығының міндетін атқарушы Сағындық Жантеміров.
Бұл адамның қатысуымен "Нагоев бандасы" төрт адамды өлтіріп, мәйітін орманға апарып көміп тастаған. Қарақшылық шабуыл жасап, талайды сорлатқан. Осындай ауыр қылмысы үшін тоғыз адамның екеуі өлім жазасына кесіліп, екеуі өмір бойына бас бостандығынан айрылған. Қалғандары ұзақ жылға сотталды. Қазір олардың бірнешеуі жазасын өтеп шықты. Ал енді ғана ұсталған күдіктіге қатысты тергеу жүріп жатыр.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан