Елді газбен қамту: премьер-министр қатаң міндет қойды

Елді газбен қамту: премьер-министр қатаң міндет қойды
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында газ саласын дамыту мәселесі қаралды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Газбен қамту деңгейі қандай?

Олжас Бектенов еліміз бойынша газбен қамту деңгейін арттыру жөнінде тапсырма берді: көрсеткішті 65%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

"Бүгінгі таңда еліміз бойынша газбен қамту деңгейі - шамамен 62,4%. Газбен қамтудың бас схемасына сәйкес 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 65%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Ол үшін "Бейнеу – Бозой – Шымкент" магистралды газ құбырының екінші желісі және "Талдықорған – Үшарал" газ құбыры сияқты ірі жобалар іске асырылып жатыр. Бұл жобалар бойынша жұмысты үнемі бақылауда ұстау қажет", - деді Олжас Бектенов.

Әкімдіктерге тапсырма

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында өңірлердің әкімдіктері тарапынан елді мекендерді газбен қамту жөніндегі жұмыстарды аяқтауға алдын ала дайындық қажет екенін айтты.

"Үкімет магистралды газ құбырларын жеделдетіп салу бойынша шаралар қабылдап жатыр. Өнеркәсіптің дамуы және азаматтарымыздың тұрмыс сапасының артуы осыған тікелей байланысты. Газ құбырлары жобаларын іске асыру жедел қарқынмен жүргізіліп жатқанын ескере отырып, өңір әкімдіктері ерте бастан дайындыққа кірісіп, елді мекендерді газбен қамту бойынша жоспарланған барлық жұмысты уақтылы аяқтауды қамтамасыз етуге тиіс", - деді Олжас Бектенов.

Сонымен қатар, шет елдердегі газбен қамту жұмысын жеделдету үшін заманауи технологияларды пайдаланудың оң тәжірибесі айтылды.

"Мысалы шетелде құбырларды механикалық тәсілмен қосу технологиясы қолданылады. Ол құбыр төсеу жұмыстарын барынша жеделдетуге мүмкіндік береді. Алайда бұл технологияны дамыту үшін ұлттық стандарттарды қайта қарау керек болады. Өйткені қазір құбырларды қосу дәнекерлеу арқылы ғана жүреді", - деді премьер-министр.

Осыған байланысты Өнеркәсіп және құрылыс, Энергетика, Сауда және интеграция министрліктеріне тиісті рәсімдерді қамтамасыз ету тапсырылды.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget