Бір жыл бұрын Алматыда жантүршігерлік қылмыс болды. Алматылық адвокат Айман Асанова өз үйінде өлі табылды. Тергеушілер танымал адвокаттың өліміне оның бұрынғы күйеуі 52 жастағы Талғат Нұртаев кінәлі екенін анықтаған. Бір қызығы Нұртаев бастапқыда адам өлтіргені үшін небәрі 1,5 жылға сотталған болатын. Massaget.kz тілшісі қоғамды дүр сілкіндірген оқиға қалай өрбігенін баяндайды.
Қазақстандық заңгер Айман Асанова былтыр 12 қазанға қараған түні ауруханада қайтыс болды. Қайғылы оқиға болардан төрт күн бұрын оның бұрынғы күйеуі Талғат Нұртаев Айман Асановамен "мүлікті бөлісуді талқылауға" келген. Экс-жұбайлар арасында дау туып, Нұртаев Асанованы 18 жерінен пышақтап тастаған. Соққының көбі 42 жастағы заңгердің басы мен мойын тұсына тиген.
Оқиға қалай болды?
Бастапқыда ауыр қылмыс жасаған Талғат Нұртаев алты күндей жасырынып, артынша Алматының Алмалы ауданындағы полиция бөліміне өзі адвокатымен бірге келген.
Бірінші инстанциядағы сот Талғат Нұртаев қылмысты аффект жағдайында жасады деп шешіп, небәрі 18 айға, яғни 1,5 жылға бас бостандығынан айырған болатын. Марқұмның туыстары соттың бұл шешімімен мүлде келіспеді. Оның үстіне сот шешімі қоғамда қызу талқыға түсіп, дау тудырды.
"18 рет пышақтағаны үшін 1,5 жыл ма? Айтарға сөзім жоқ. Басқа әлемде өмір сүріп жатқан сияқтымын. 18 рет пышақтаған!! Мұндай шешім шығарған судьяны қоса соттап жіберу керек еді"
"Мұндайдан кейін әйелдер бұл елде қалай өмір сүреді?"
"Өзімен бірге пышақ ала барды емес пе? Қайдағы аффект жағдайы?"
"Өзін қорғаған әйелді 20 жылға соттап жіберген болатын. Бірақ ол әйел петицияның арқасында бостандыққа шықты. Ал мұнда қасақана өлтіргені үшін 1,5 жылға ғана соттаған. Сөзім жоқ...", - дейді Желі қолданушылары.
Жантүршігерлік видео
27 маусымда танымал адвокат Джохар Утебеков заңгер Айман Асанованың өліміне қатысты тың деректі айтты. Утебеков Facebook-парақшасында бұрынғы күйеуі Айман Асанованы пышақтаған сәттің видеосын жариялаған болатын.
"Бұл Нұртаевтың бұрынғы әйелі Айманды аяусыз өлтірген сәт! Ол аяусыз оны 18 рет пышақтаған! Қалай? Қалайша судья Майшинов Нұртаевты 1,5 жылға ғана соттады? Видеоны соңына дейін көріңіздерші. Нұртаев Айман қозғалып жатқанын көрген. Қайтадан келіп, аяусыз соңына дейін өлтірген!", - дейді адвокат.
Джохар Утебеков видеоны марқұмның жақындарының рұқсатымен жариялағанын атап өтті.
"Судья Майшинов бұл видеоны көрді ғой! Майшинов қалайша қылмыскерге жеңіл жаза тағайындады?", - деп ашуланды адвокат.
Осылайша 27 маусымда Алматының қалалық сотының апелляциялық коллегиясы сот үкімінің күшін жойып, істі толық тергеуге жіберген болатын.
Соттың жаңа үкімі
Күні кеше заңгер Айман Асанованы өлтірді деген экс-күйеуіне қатысты жаңа сот үкімі шықты. Бұл жолы сот Нұртаев Асанованы қасақана өлтірді деген шешім шығарды.
"Нұртаев 2022 жылғы 9 қазанға қараған түні бұрынғы жұбайын оның үйінің жанына барып, күтіп тұрған. Ер адам оған мүлікті бөлу туралы талап қояды. Әйел дөрекі жауап қатып, ауыр сөздер айтып бұл мәселені талқылаудан бас тартады. Осыған байланысты бұрынғы ерлі-зайыптылар арасында тағы да ұрыс басталады. Жанжал кезінде ер адам қолындағы пышақпен әйелге 18 соққы жасайды. Ауыр жарақат салдарынан әйел ауруханада көз жұмды", - деп хабарлады Алматы соттарының баспасөз қызметі.
Талғат Нұртаев кінәсін мойындамады, ол бұрынғы жұбайын қатты толқыған кезде өлтіргенін айтты. Прокурор мен жәбірленуші тарап оған қатаң жаза тағайындауды сұрады.
Сот Нұртаев заңсыз, қасақана адам өлімі үшін кінәлі деп танып, 11 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!