ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев телекөпір арқылы Алматыдағы жапондық зауыттың дистанциялық іске қосылу шарасына қатысты. «Tokyo Rope Almaty» - Жапониядан тысқары орналасқан әрі әлемде аналогы жоқ габионды тор шығаратын зауыт. Кәсіпорын құрылтайшысы - жоғарытехнологиялы металл өнімін шығаратын Tokyo Seiko ірі жапондық корпорация. Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Шара барысында Алматыда Жапонияның іскерлік клубын және Индустриалды аймақта индустриалды паркті құру туралы меморандумға қол қойылды, осының арқасында Алматыда индустриялық, инвестициялық аухалды күшейту барысында тараптар арасында байланыс барынша жақсаратын болады.
«Бүгінгі күні мегаполисте инвесторлар үшін барлық жағдайлар жасалуда. Биылғы жылы Алатау ауданындағы Индустриалды аймақтың және Арнайы экономикалық аймақтағы «Алатау инновациялық технологиялар паркінің» екінші кезегінің құрылыстары аяқталады. Алматының индустриалдандыру Картасы екінші бесжылдығының аясында құны 175 млрд. теңге болатын 80 жоба жүзеге асып, 11 мың жұмыс орны пайда болады. Қазірдің өзінде 20 кәсіпорын іске қосылды. Қалада биыл 10 трансұлттық компаниялар тартылды. Бүгін біз «Tokyo Rope Almaty» зауытын іске қостық. Сонымен қатар, Tokyo Rope компаниясымен Алматыда Жапонияның іскерлік клубы мен Индустриалды аймақта жапондық индустриалды парк ашу туралы меморандумға қол қойдық. Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, бізге қолдау көрсеткеніңіз үшін рахмет», - деп атап өтті қала әкімі Мемлекет басшысы Н. Ә. Назарбаевпен болған телекөпір барысында.
«Токио Роуп» корпорациясының президенті Хироаки Накамураның айтуынша, «Tokyo Rope Almaty» зауыты жылына 5 мың тонна габионды тор шығаратын болады.
«Жоғарытехнологиялы және роботталған қондырғылар 5 мың тоннаға дейін болат өнімін шығаруға мүмкіндік береді әрі бұл өнімдер болашақта ТМД елдеріне, Монғолияға, Сауд Арабиясына, Ауғанстанға, Пәкістанға экспортталады. Қазірдің өзінде зауытқа Ресейден, Қырғызстан мен Грузиядан алдын-ала тапсырыстар келіп түскен. Біздің компания инфрақұрылымдық обьектілер мен нысандардың қауіпсіздігі үшін металла жүйелерін жасайтын зауыт құрылысының ерекше жобасын жүзеге асыруда. Алғашқы кезеңде 10 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция игеріледі, екінші және үшінші кезеңдерде Алматыдағы Жаполнияның Индустриалды паркінде 5 жыл ішінде кең желілі болат пен метиз өнімдерін шығару үшін 70 млн. АҚШ долларына дейінгі инвестицияны игеруді жоспарлаудамыз» , - деп атап өтті Х.Накамура.