- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Елбасы Тәуелсіздіктің 25...
Елбасы Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған салтанатты жиналысқа қатысты
Мемлекет басшысы Қазақстан халқын Тәуелсіздік мерейтойымен құттықтады, - деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
– Тәуелсіздіктің 25 жылы – біздің буынның уақыт өлшеміне сыймайтын теңдессіз ерлігі. Осы мерейтойлық жылда Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесіне сайлануының символдық мәні бар. Парламент қабылдаған Тәуелсіздіктің 25 жылдығы декларациясы біздің ұлы жетістіктеріміз бен жеңісімізді айшықтаған маңызды саяси-құқықтық құжатқа айналды, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік кезеңіндегі басты жетістіктерге тоқталып өтті.
– Жетекші халықаралық сарапшылардың пікірі бойынша, еліміз әлемге Қазақстанның «экономикалық ғажайыбының» жарқын үлгісін көрсетті, – деді Елбасы.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы қоғамның қарыштап дамығанына назар аударды.
– Біз бейбітшілік пен келісімнің бірегей моделін қалыптастырдық. Жалпы халықтың қалауымен құрылған Халық ассамблеясы барлық ұлтты қанатының астына алып, басын біріктіре білді. Ең бастысы, кез келген адам «Мен – қазақстандықпын, бұл – менің елім, мен мұнда бақытымды таптым!» деп айта алатын әділетті қоғамды орнаттық, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев қарқынды дамып келе жатқан мегаполис, жаңа елорда – Астананың құрылуын басты табыстарымыздың бірі ретінде атап өтті.
Елбасы экономикалық жетістіктер арқасында халықтың әл-ауқатының нақты өсімін қамтамасыз ете алғанымызды айтты. Мемлекет басшысы Үкіметке әлеуметтік бағдарламаларды іске асыру барысында 2017 жылы зейнетақы мөлшерін биылғы деңгейден 20 пайызға, сондай-ақ бала тууға байланысты бір жолғы мемлекеттік жәрдемақы мөлшерін де 2017 жылғы 1 шілдеден бастап 20 пайызға ұлғайтуды тапсырды.
Қазақстан Президенті еліміздің халықаралық аренадағы табыстарына, соның ішінде еуразиялық экономикалық интеграция саласындағы бастамаларына, жаһандық антиядролық қозғалыстағы көшбасшылығымызға, бітімгершілік мақсат жолына жұмсаған күш-жігерімізге ерекше назар аударды.
– Жаңа елдің іргесін қалаған бүгінгі замандастардың ерен еңбегі уақыт өте келе, тіпті мың жылдан кейін де ұрпақтарымызға Отанымызды одан әрі ілгерілету жолында демеу болып, септігін тигізе береді, – деді Мемлекет басшысы.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықтарды мерекемен тағы да құттықтап, халқымызға мол табыс пен зор жетістіктер тіледі.
T. Кіршібаев