- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Елбасы «Тәуелсіздіктің 25...
Елбасы «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы» монументінің ашылу рәсіміне қатысты
Қазақстан Президенті салтанатты іс-шара барысында «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы» монументінің бүкіл халық болып Тәуелсіздік мерейтойын мерекелеп жатқан алғашқы күні ашылып отырғанын атап өтті, - деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
– Биікке ұмсынған бұл ауқымды ескерткіш еліміздің ширек ғасырдағы бұрын-соңды болмаған шарықтау кезеңін және әлемнің ең озық отыз елінің қатарына қосылуға ұмтылысын айшықтайды. Оның 25 қыры – Тәуелсіз Қазақстанның заманауи тарихының әрбір жылының символдық бейнесі, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы монументтің республикамыздағы басты сәулет рәміздерінің қатарынан айрықша орын алатынына сенім білдірді.
– Бұл монумент Қазақстан Республикасының бес жылдығы қңында Алматы қаласында ашылған алғашқы Тәуелсіздік монументінің, елордамыздың символы болған Бәйтеректің, Тәуелсіздіктің 20 жылдығында бой көтерген «Қазақ елі» мемориалдық кешені мен «Мәңгілік Ел» салтанат қақпасының ортақ тарихи желісін жалғастыратын болады, – деді Елбасы.
Қазақстан Президенті Астананың осынау жаңа көрнекті тұсы елорда тұрғындары мен қонақтары жиі келетін тағы бір көпшілік орынға айналатынын айтты.
– Бұл монумент миллиондаған меймандар келетін «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аумағында орналасуымен де ерекшеленеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Тәуелсіз Қазақстанның қарқынды дамуы барысында елорда рөлінің артып келе жатқанын атап өтті.
– Келешекте Астана тек біздерді ғана емес, сонымен қатар бүкіл Еуразия континентін таңғалдырып, ғылым мен мәдениеттің ордасына айналады. Халық қолайлы әрі жайлы қалада тұратын болады, – деді Елбасы.
Қазақстан Президенті «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы» монументі еліміз бен оның елордасына тартылған сый болғанын айтып, жоба идеясы авторларына, сәулетшілер мен құрылысшыларға нысанды табысты аяқтағаны үшін алғыс білдірді.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев барша отандастарымызды Тәуелсіздік мерейтойымен құттықтап, бақ-береке және бейбітшілік пен татулық тіледі.
T. Кіршібаев