- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Елбасы Путинмен және...
Елбасы Путинмен және Ердоғанмен телефон арқылы сөйлесті
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен және Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоғанмен телефон арқылы сөйлесті, - деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Ресей мен Түркия елдерінің басшылары Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтап, халқымызға бақ-береке тілеп, одан ары өсіп-өркендей беруімізге ниеттестік білдірді.
В.Путинмен әңгімелесу барысында Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің алдағы отырысына және ҰҚШҰ саммитін өткізуге дайындық мәселелері талқыланды.
Түркия Президентімен сөйлесу кезінде Р.Т.Ердоған Астанаға биылғы 12 желтоқсанға жоспарланған іс-сапарының кейінге қалдырылғанына өкініш білдірді. Түркия көшбасшысы алдағы уақытта біздің елге келуге дайын екенін айтты.
Ресей мен Түркия Президенттері Елбасымен күн тәртібіндегі өзекті өңірлік және халықаралық мәселелерді талқылады. Ресей мен Түркия көшбасшылары Сириядағы қақтығысушы тараптар арасындағы ахуалды бейбіт реттеуге арналған келіссөздерді Астанада өткізуге мүдделі екендіктерін білдірді. Нұрсұлтан Назарбаев бұл бастаманы қолдап, Қазақстан елордасында мұндай келіссөздер жүргізу үшін қажетті жағдай жасауға дайын екенін мәлімдеді.
Қазақстан Президенті Сириядағы қақтығысты бейбіт реттеуге бағытталған халықаралық деңгейдегі ұмтылыстарды біздің елдің әуелден қолдап келе жатқанын атап өтті.
T. Кіршібаев