Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Павлодар облысына барды. Сапар барысында өңірдің агроөнеркәсіп саласында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Облыс шаруалары Елбасымен кездесіп, орақ науқаны, заманауи технологияларды тиімді пайдалану жайында сөз қозғады.
Айта кетейік, өңірде орақ науқаны толық аяқталды. Биыл астықтың өнімділігі гектарынан 12 центнерді құрап, алқаптардан 815 мың тонна дән жиналған. Қазіргі таңда диқандар өнімді қамбаларға жеткізіп, өңдеу жұмыстарына кірісті. Биыл шаруалар бұрын-соңды өсіріп көрмеген ерекше сортты пияз, қант қызылшасы мен брокколи қырыққабатын жақсы алды.
Енді фермерлер көкөністерді алыс-жақын шетелдерге экспорттауға ниетті. Көрме барысында Елбасы қазақ еліне танымал Лебяжі ауданында өсірілетін қарбыз бен жергілікті тауар өндірушілердің өнімінен дәм татты.
Төлеу Құшманова, шаруа қожалығының басшысы: - Президент мырзаға өзіміздің құртымызды, қазағымыздың құртын көрсеттім. Осы құртты Еуропаға шығару – менің алға қойған мақсатым, сондай-ақ асылтұқымды ауыл және жеке меншік шаруашылығым болады деп алдыма мақсат қойдым.
Дереккөз: 24.kz