Қазақстан мен Ресей мемлекеттік органдарының, квазимемлекеттік сектор мен іскерлік ортаның 1300-ден астам өкілі қатысқан форум барысында инвестиция және сауда-экономика саласындағы екіжақты ынтымақтастық аясын кеңейту жолдары қарастырылды, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Қазақстан Президенті өз сөзінде Ресей Федерациясы еліміздің стратегиялық одақтасы және маңызды сауда-экономикалық серіктесі болып саналатынын атап өтті.
– Біз кең ауқымды бағыттар бойынша өзара тиімді іскерлік ынтымақтастықты жүзеге асырып келеміз. Оған осы өңіраралық форум да септігін тигізетін болады. Биылғы бірінші жартыжылдықта өзара сауда-саттықтың көлемі 6 миллиард долларға жуықтады. Сонымен қатар, дағдарысқа дейінгі кезеңмен салыстырғанда бұл көрсеткіштің 30%-ке төмендегені байқалады. Көп жағдайда оның қарқыны бәсеңдеуі сыртқы жаһандық ахуалдарға байланысты болып отыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Осы орайда, Мемлекет басшысы екіжақты экономикалық ынтымақтастықты дамытуға серпін беру қажеттігін айтты.
– Бізде Ресеймен бірлескен 6 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс жүргізуде. Мұнай химиясы, тау-кен металлургиясы кешені сияқты көптеген салада екіжақты инвестициялық жобалар іске асырылуда. Қазіргі уақытта бізде құны 20 миллиард доллар болатын 60-тан астам жоба бар. Олардың іске асырылуына қолдау көрсетілетін болады, – деді Қазақстан Президенті.
Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев өзара іс-қимыл аясын кеңейту үшін айтарлықтай әлеуеттің бар екеніне назар аударды.
– Біз Еуразиялық экономикалық одақ аясында жұмыс жүргізіп отырмыз. Еркін сауда жөнінде Вьетнаммен келісімге қол қойылып, осындай келіссөздер Қытаймен, Оңтүстік Кореямен және Сингапурмен жүргізіліп жатыр. ЕурАзЭО-мен ынтымақтасуға Үндістан, Мысыр, Иран, Оңтүстік Шығыс Азия елдері қауымдастығының мүшелері және басқа да елдер ниет білдіруде. Біз мақсатты түрде барлық өндірушілер мен инвесторлар үшін ортақ айқын ережелер қалыптастырудамыз. Қазақстанның экономикасына қаражат құя отырып, Ресей бизнесі мұнда өздерін «үйіндегідей» сезінетін болады. Еуропа мен Азия арасындағы қуатты көлік-логистика инфрақұрылымын қалыптастыру мәселесінде елдеріміздің ортақ мүддесі тоғысып жатыр, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, Қазақстан Президенті республикадағы инвестициялық ахуалдың жақсарып, экономиканың әртараптандырылуына күш-жігер жұмылдырылып жатқанына назар аударды.
Нұрсұлтан Назарбаев экономиканы жандандыру саласындағы, соның ішінде салық режімін ырықтандыру, ауқымды жекешелендіру ісінің келесі кезеңін жүзеге асыру және Астана мен Алматыда инновациялық екі кластер құру бағытында мемлекет қабылдап отырған шаралар туралы айтып өтті.
Сонымен бірге, Мемлекет басшысы алдағы уақытта «Астана» халықаралық қаржы орталығы ашылып, «ЭКСПО-2017: Болашақтың энергиясы» халықаралық мамандандырылған көрмесі өтетінін еске салды.
Соңында Қазақстан Президенті талқыланып жатқан бастамалардың тиімді іске асырылатынына сенім білдіріп, қатысушыларға табыс тіледі.