Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Иран Ислам Республикасының Президенті Хасан Руханимен кездесті, - деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Шағын құрамдағы келіссөз барысында инвестиция, сауда-экономика, көлік-транзит және ауыл шаруашылығы салаларындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.
Мемлекет басшысы жоғары деңгейде бірнеше рет өткен кездесулер Қазақстан мен Иран арасындағы достық қарым-қатынастың айғағы екеніне назар аударды.
– Ираннан экономикалық шектеулердің алынып тасталуы Сіздің қажырлы еңбегіңіздің арқасы деп санаймын, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің тәуелсіздігін алғаш мойындаған әлем мемлекеттерінің бірі Иран екенін атап өтті.
– Қазақстан өз тәуелсіздігін алғалы біздің Иранға қатысты достық сипаттағы саясатымыз еш өзгерген емес. Қазір елдеріміздің ынтымақтастығын стратегиялық деңгейге көтеретін кез келді және Қазақстан өзара тығыз іс-қимылға дайын, – деді Мемлекет басшысы.
Х.Рухани Нұрсұлтан Назарбаевты ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойымен құттықтап, Иранның Қазақстанмен әріптестік қарым-қатынасты дамытуға зор мән беретінін айтты.
– Біздің саясатымыз әрдайым жақын орналасқан елдермен тату көршілік қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған. Иранға Сіздің биылғы сәуір айындағы сапарыңыздың екіжақты қарым-қатынасты одан әрі дамыту үшін маңызы зор болды, – деді Иран Президенті.
Екі мемлекет көшбасшылары бүгінгі сапардың Қазақстан мен Иран ынтымақтастығына тың серпін беретініне сенім білдірді.