Бүгін Индустрияландыру күні аясында өткен Жалпыұлттық телекөпір барысында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев Алматыдағы «Казлегпром-Алматы» ЖШС-нің модельді аяқкиім шығаратын жаңа өндірісін іске қосты, - деп хабарлады Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
Кәсіпорын басшысы Айбек Бектұрғанов өзінің сөзінде кәсіпорын ашылғалы бері жұмысшылар қатарының 15 есе артқанын, яғни 30 дан 450 адамға жеткенін, өндіріс көлемінің 7 есе өскенін айтты. Кәсіпорынның өндірістік қуаты - жылына 1,5 миллионға дейін тігін бұйымдары мен 500 000 жұп аяқкиім шығару. Қазақстандық үлес мұнда 84%-ға жеткен.
Үстіміздегі жылы өндіріс орны модельді аяқкиімдер шығаратын 300 млн. теңгенің жаңа қондырғыларын сатып алды, соның арқасында 70 жаңа жұмыс орны құрылды. Осы жаңа желінің өндірістік қуаты жылына айналымы 2,5 млрд. теңге болатын 150 000 жұп аяқкиім шығарады. Жылдың әр маумысына орай ерлер аяқкиімдерінің 75-тен астам түрі өндіріледі.
«Өткен жылы бізге қолдау білдіріп, «Казлегпром-Алматы» ЖШС-нің тігін – аяқкиім фабрикасында болдыңыз. Биыл Сіздің тапсырмаңыз бойынша аяқкиім өндірісін модернизациялап, жаңа итальяндық қондырғылар сатып алдық. Бұл жобаны іске асыру барысында нарыққа импорттық аяқкиімдерді алмастыратын өнімдер шығаратын боламыз. Сіздің отандық жеңіл өнеркәсіпті дамытуға деген жеке қолдауыңызға және елді индустрияландыру жөніндегі салиқалы саясатыңызға ұжым атынан алғысымызды білдеріміз», - деді Мемлекет басшысы алдында сөйлеген сөзінде А.Бектұрғанов.
Атап өтерлік жайт, «Казлегпром-Алматы» ЖШС Қазақстанның жеңіл өнеркәсібіндегі ірі жоғары технологиялы өндіріс орындарының бірі болып табылады. Қазіргі кезде фабрика Алматы мен Алматы облысындағы ірі жұмыс берушілер қатарында. «Казлегпром-Алматы» ЖШС жанында 2014 жылдан бері қарай «Шебер» өндірістік оқу орталығы жұмыс істейді. Мұнда дуальді технология бойынша тігін және аяқкиім фабрикаларының жұмысшылары арнайы дайындалып, 7 бағдарлама бойынша дәріс алып, фабрикаға және өзге жерлерге жұмысқа орналасады. «Шебер» оқу орны тігін және аяқкиім саласының 300-ден астам мамандарын даярлап шығарды.