- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Елбасы Астана клубының...
Елбасы Астана клубының екінші отырысына қатысты
Мемлекет басшысы жиында сөйлеген сөзінде әлемдік экономика мен саясаттың өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасудың маңыздылығын атап өтті. Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік және өңірлік мәселелерді шешуде еліміздің атқаратын рөліне тоқталды, соның ішінде ядролық қарусыздану үдерісіне белсене қатысып келе жатқанымызды айтты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстан Президенті жалпыәлемдік үдерістердің қарқын алып отырғанына, ұлттық, өңірлік және жаһандық даму мәселелеріне қатысты тың ұстанымдар мен тәсілдер қажеттігіне баса назар аударды.
– Мұнай мен металл бағасының күрт төмендеуі, қор нарықтары мен ұлттық валюталардың құлдырауы, өзара санкция енгізуі саясаты салдарынан әлемдік сауда өсімінің төмендеуі – осының бәрі, әрине, қазіргі заманғы жаһандық экономиканың сын-қатерлері. Бірақ бұл айтылғандарды шешімі табылмайтын мәселелер деуге болмайды. Сол себептен қазіргі кезең «салың суға кетіп», құр байбалам салып отыратын уақыт емес. Ең алдымен, экономикалық өсімнің жаңа мүмкіндіктерін және өзара тиімді ынтымақтастықтың жаңа жолдарын таба білу керек. Көзіміз көріп, қолымызбен ұстап көрмеген жаңа нәрселерден үрку сезімі даму мен прогресс жолында ерік-жігерімізді жасытып, сағымызды сындырмауы керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы геосаяси текетірестердің, қарама-қайшылықтардың күшеюі мемлекеттер арасындағы сенімге сызат түсіретінін, жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті жоққа шығаратынын атап өтті. Сонымен бірге, бұл фактор қазіргі заманғы өткір мәселелердің шешімін бұдан да белсендірек іздестіруге түрткі болады.
Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ пен Еуропалық одақ ынтымақтастығының перспективасына қатысушылар назарын аударды.
– Барлығы үшін тиімді «Үлкен Еуразия» біртұтас экономикалық кеңістігін құру бағдарын бірлесе отырып айқындау маңызды. Меніңше, мұндай перспектива сөзсіз алдымыздан шығады. Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Еуразиялық экономикалық одақ, Еуропалық Одақ және «Жаңа Жібек жолы экономикалық белдеуі» жобасы, келешекте бүкіл Азия-Тынық мұхиты қоғамдастығы бірлесіп, өзара тығыз іс-қимыл жасауы қажет. Құрлықтық әрі әлемдік дамудың бұл бағытын мойындамау бүгінде Еуразия халқының ілгерілеуіне, әл-ауқатына және қауіпсіздігіне зиянын тигізбей қоймайды. Бұл – менің түбегейлі ұстанымым, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті қалыптасып келе жатқан ірі өңірлік бірлестіктер, соның ішінде Трансатлантикалық сауда және инвестициялық кеңістік, Транстынықмұхит кеңістігі, Барлығын тегіс қамтитын өңірлік экономикалық кеңістік тәрізді жобалар сауда мен ынтымақтастықтың біртұтас еуразиялық кеңістігін құруға бағытталуға тиіс екенін атап өтті.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы әділеттілік, сенімділік, ынтымақтастық және жалпыға ортақ жауапкершілік қағидаттарына негізделген әлем қалыптастыру жөніндегі міндеттердің өзектілігіне тоқталды.
– Қазақстан Орталық Азия өңіріндегі Батыс пен Шығыс арасындағы, Солтүстік пен Оңтүстік арасындағы екіжақты қозғалыстың мықты дәнекері болуды өзінің миссиясы ретінде көреді. Ол өзара іс-қимыл мен ынтымақтастықтың, бейбітшілік, сенім және жалпыға ортақ қауіпсіздіктің үлгісіне айналатын аумақ болуға тиіс. Мұның да өзіндік проблемалары жеткілікті. Әлем диалог пен келіссөздердің әлеуетін пайдалану арқылы кез келген мәселені шеше алады, сөйтіп қарама-қайшылықты жойып, XXI ғасырға арналған жаһандық дамудың ортақ стратегиясын әзірлейді деп сенемін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ, Қазақстан Президенті Қытай, Ресей, АҚШ, Ауғанстан, Жапония сарапшыларының ШЫҰ-ны одан әрі дамыту перспективасына, Жібек жолын қайта жаңғырту жөніндегі шараларға, ядролық қарусыздануға, өңірлік ынтымақтастыққа, экономиканы әртараптандыруға қатысты бірқатар сауалдарға жауап берді.
Соңында Мемлекет басшысы жаһандық және өңірлік мәселелерді реттеуге қатысты мұқият әзірленген шешімдердің маңыздылығын арттыру қажеттігін айтып, Астана клубының екінші отырысына қатысушылардың сындарлы, мазмұнды сұхбат өткізулеріне тілектестік білдірді.
T. Кіршібаев