- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Елбасы Алматы облысына...
Елбасы Алматы облысына жұмыс сапарымен барды
Нұрсұлтан Назарбаев Талдықорған қаласына іс-сапармен келді. Елбасының жұмыс сапары аясында көлік, ауыл шаруашылығы және әлеуметтік-мәдени салалардағы бірқатар нысанды аралау жоспарланған. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекет басшысы алғаш боп әуежай мен аэровокзал ғимараттарын қайта жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Сондай-ақ, Елбасыға ұшу-қону жолағын жаңарту жұмысы, әуежайды және өңірдің туристік инфрақұрылымын дамыту перспективалары туралы баяндалды.
Одан кейін Елбасы «Нам Г.Н.» шаруа қожалығында болды. Ол жерде ауыл шаруашылығы дақылдарын күтіп-баптауға маманданған кәсіпорынның жұмысымен танысты. Қазақстан Президентіне облыстың агроөнеркәсіп кешенінің негізгі көрсеткіштері және қант қызылшасы өндірісін дамыту үшін қабылданып жатқан шаралар туралы баяндалды.
Нұрсұлтан Назарбаев қазір ауыл шаруашылығын мемлекеттік субсидиялауға деген көзқарастың өзгергенін атап өтті.
– Менің шаруаларға айтып жүрген ой-пікірімнің барлығының негізгі түйіні – еңбек өнімділігін субсидиялау қажеттігі. Яғни, қаражат ең ақырғы өнім өндірісі үшін бөлінетін болады, – деді Мемлекет басшысы.
Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев өңдеу кәсіпорнының аграрлық техникалары мен ауыл шаруашылығы өнімдері көрмесін аралады. Соңында Елбасы өңірдің шаруаларымен әңгімелесіп, алдағы жұмыстарына табыс тіледі.
Елбасының келесі аялдар нысаны - Текелі тау-кен өңдеу кешені болды. Мемлекет басшысы кәсіпорынның жұмысымен танысты.
Қазақстан Президентіне инновациялық технологияларды қолдана отырып, қайта балқытылған шойын алу арқылы темір рудасын өндіру және өңдеу жөніндегі жобаның іске асырылу барысы баяндалды.
Одан кейін Талдықорған қаласының көпсалалы ауруханасында болды. Қазақстан Президентіне облыстың денсаулық сақтау жүйесін дамытудың басты бағыттары және тиісті мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылу барысы туралы баяндалды.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев аурухана қызметкерлерімен кездесті. Олар жүргізіліп жатқан әлеуметтік саясатқа қолдау білдіріп, денсаулық сақтау саласына қамқорлығы үшін Елбасыға алғыстарын айтты.
300 адам сиятын медициналық мекеме стационарлық, стационарды алмастыратын және жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетеді. Көпсалалы аурухана жаңа медициналық құрылғылармен жабдықталған.
Н. Айдархан