Мемлекет басшысы UAE SWAT Challenge-2026 халықаралық жарысының жеңімпаздарын марапаттады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Президент қазір еліміз ауқымды өзгерістердің шешуші кезеңіне қадам басқанына назар аударып, 15 наурызда азаматтарымыз жалпыхалықтық референдумда Конституцияға қатысты өз таңдауын жасайтынын еске салды.
"Бұл ел тағдырына тікелей әсер ететін аса маңызды шешім болмақ. Басты құжат жобасында егемендігімізді және мемлекеттігімізді нығайтатын мызғымас рухани және құқықтық құндылықтар бекітілді. Қазақстан Республикасының аумақтық, яғни жерінің тұтастығы, егемендігі, тәуелсіздігі, адам мен оның өмірі, азаматтардың құқығы және бостандығы ең жоғары құндылық ретінде жарияланды. Жауапты әрі жасампаз отаншылдық ұғымы айқындалды. Әділетті Қазақстан идеясы, Заң және тәртіп қағидаты жаңа Конституция жобасында лайықты орнын тапты. Мұның бәрін іс жүзінде орнықтыру – баршаға ортақ перзенттік парыз. Түптеп келгенде, жаңа Ата Заңымыз еліміздің одан әрі дамуына және өркен жаюына жол ашуы керек. Ал күштік құрылымдар мен арнайы жасақтар ел тәуелсіздігі және халық тұтастығының тірегі болуға тиіс. Себебі алдымызда тұрған мақсат - біреу. Бұл - келер ұрпаққа қуатты әрі озық мемлекетті аманат ету. Бәріміз бір ел болып осы тарихи миссияны міндетті түрде іске асырамыз. Ел қорғау – ең абыройлы міндет. Нағыз отаншыл, адал азаматтар ғана осы жолды таңдайды. Сіздер келешекте де ұлт мүддесіне мінсіз қызмет ете бересіздер деп сенемін", – деді Мемлекет басшысы.
Еске салайық, 2026 жылы 11 ақпанда Конституциялық комиссия Мемлекет басшысына жаңа Конституцияның қорытынды жобасын ұсынды.
Кейін Мемлекет басшысы 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум өткiзу туралы жарлыққа қол қойды.
2026 жылы 12 ақпанда жаңа Конституция жобасы жарияланды. Жаңа Конституция референдумда қабылданған жағдайда 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Бұл туралы жаңа Конституция жобасында айтылған.
Референдум - азаматтардың ең маңызды мемлекеттік, өңірлік немесе жергілікті мәселелер бойынша тікелей ерік білдіру нысаны (жалпыхалықтық дауыс беру). Референдум арқылы заңдар қабылданады, Конституцияға өзгерістер енгізіледі немесе шешуші саяси мәселелер қаралады. Әдетте референдумда қабылданған шешімдердің күші міндетті болады.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!