Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдарбек Қожаназаров Премьер-министр Әлихан Смайыловқа ел шаруаларын астық пен сүт өнімдерін шетелдік жеткізушілердің заңсыз импорты мен демпингінен қорғау туралы сауал жолдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мәжілісменнің айтуынша, былтыр Ресейде астық жинау рекорд деңгейге жетіп, 153 миллион тонна болған, ал биылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Ресей Федерациясындағы астық қоры бір жыл бұрынғыдан 44 пайызға артық. Оның сөзінше, астық импортына соңғы тыйым кеш енгізілді, өйткені қазірдің өзінде 2 миллион тонна астық әкелінген. Қазақстанға келтірілген шығын көлемі 63,1 миллиард теңгеден асады деп бағаланып отыр, бұл - тек төленбеген ҚҚС мен ҚТЖ тарифі. Ал кейінгі жарты жылда шаруалардың шығыны 225,5 миллиард теңгеден асты.
"Біздің фермерлер - экономикамыз бен қоғамымыздың негізі. Олар бізді сапалы өнімдермен қамтамасыз ету үшін ауа райы мен қиындықтарға қарамастан, күн сайын далада еңбек етеді. Алайда бүгінде фермерлер шетелдің заңсыз импорты мен демпингінен туған күрделі мәселелерге тап болып отыр. Бұл олардың әл-ауқатына нұқсан келтіріп қана қоймай, біздің ауыл шаруашылығымыздың болашағына қауіп төндіреді", - деді депутат.
Ол Қазақстан Ресей Федерациясынан сүт өнімдерін сатып алатын негізгі нарықтардың бірі екенін алға тартты. Ресейлік жеткізушілер Қазақстанның сауда желілерін басып, супермаркет сөрелерін сатып алып, отандық өндірушілерді шеттетіп отыр. Бұлай кете берсе, 2015 жылғы жағдай қайталануы мүмкін, ол кезде сүт тура мағынасында жерге төгіліп, фермерлер банкротқа ұшырау алдында қалған.
Айдарбек Қожаназаров бірқатар шара қабылдауды да ұсынды, оның ішінде шекара бақылауын күшейту, контрабанда мен демпингке қатысты жазаны қатайту, сондай-ақ, отандық астық пен сүт өнімдерін өндірушілерді қолдау бағдарламаларын әзірлеу қажет екенін айтты.
Азамат Қойшығара
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!