Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы жолдауында "Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері" атты ұлттық жоба аясында қазақстан халқын 100 пайыз сапалы ауызсумен қамту тапсырмасын жүктеген еді. Бүгінгі таңда елімізде 6300-дей ауыл болса, соның 4700-ден астамы ауызсумен қамтамасыз етілген екен.
Өткен жылдың деректеріне сүйенсек, республика халқының 96 пайызы ауызсумен қамтылған екен. Ал ауыл халқының 93 пайызы ғана ауызсумен қамтылған. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің дерегінше, Қостанай мен Солтүстік Қазақстан облысында ауызсумен қамту көреткіштері төмендеу. Шамамен, бұл өңірдегі ауыл халқының 75-80 пайызы ауызсумен жабдықталған.
Есесіне, Атырау, Маңғыстау, Қызылорда облыстарындағы қала халқы 100 пайыздай ауызсуға қолжетімді екен. 2025 жылға дейін 1500-ден аса ауылға ауызсу тартылмақ: біреуіне орталықтандырылған су нысаны салынса, енді біріне блок-модульдер салынбақ.
Биыл қазақстан халқын ауызсумен қамту үшін 215 млрд теңге жұмсау жоспарланыпты. Осы жылдың қорытындысы бойынша ауыл халқының 94,7 пайызын, қала халқының 98,5 пайызын ауызсумен қамту көзделген.
Сонымен, ел өңірлерінің ауызсумен қамтылу деңгейі қандай екен, қай өңір қуатты, қай өңір бәсең екен – соны қарастырып көрейік.
Ақмола облысы
2022 жылдың жаздағы деректеріне көз жүгіртсек, Ақмола облысындағы қала тұрғындарының 95 пайызы, ал ауыл тұрғындарының 89,3 пайызы ауызсумен қамтылған. Орташа есеппен қазіргі таңда өңір халқының 92 пайызы ауызсумен қамтылған.
Ал 2025 жылға дейін өңірдің 117 елдімекені сапалы ауызсумен қамтамасыз етіледі.
Жоспарға сәйкес, алдағы екі жылдың ішінде 68 ауыл ауызсумен қамтылады: кейбіріне су құбыры тартылса, енді біріне сумен жабдықтау желілері салынбақ. Қазіргі уақытта 29 ауылға су тарту бойынша жобалық-сметалық құжаттар дайын. 72 ауылға блок-модуль орнатылса, 37 ауылға су тазалау сүзгісі қойылады.
Ақтөбе облысы
Ақтөбе облысының ауызсумен қамтылу деңгейі біршама жақсы. Өңір басшылығының дерегінше, келесі жылы облыстың қала мен ауыл халқы түгелдей 100 пайыз ауызсуға қол жеткізбек. Қазіргі таңда өңір халқының 97,2 пайызы ауызсумен қамтылған.
2021 жылы 5 мың тұрғыны бар 10 ауылды ауызсумен жабдықтаса, биыл 23 мың тұрғынды құрайтын 11 ауызға орталықтандырылған су құбыры салынған әрі енді 39 блок-модуль қою жоспарланып отыр.
Жамбыл облысы
Жамбыл облысының өткен жылғы деректер бойынша қала халқының 91 пайызы орталықтандырылған ауызсумен қамтылған, ал ауыл халқының 88,8 пайызы суға қолы жетімді.
Биыл өңірдің 69 ауылына су тартылған көзделген. соның 25-іне жыл соңына дейін су берілмек. Тағы 33 ауылына ауызсу құбырын тарту жұмыстары жасалып жатыр. Ал қалған 8 ауылға 2023 жылы су тартылады. 2024 жылы 15 ауылға, 2025 жылы 21 ауылға су тартылмақ.
Батыс Қазақстан облысы
Биыл Батыс Қазақстан облысы халқын ауызсумен қамту көрсеткішін 92 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Жыл соңына дейін 26 елдімекенге орталықтандырылған су құбыры тартылып бітеді. Биыл барлығы 33 ауылға ауызсу тарту жоспарланып отырған көрінеді.
БҚО-да барлығы 416 елдімекен бар. Өткен жылдың деректері бойынша бұл елдімекендердің 245-і орталықтандырылған ауызсумен қамтылған. 2025 жылға дейін өңір халқын түгелдей ауызсумен қамту көзделіп отыр.
Маңғыстау облысы
Маңғыстау облысы халқының 96 пайызы қазіргі таңда ауызсумен қамтылған. Өңір басшылығының дерегінше, осы жылдың соңына дейін ел тұрғындары түгелдей 100 пайыз ауызсумен қамтылмақ.
Биыл 12 ауылға орталықтандырылған сумен жабдықтау нысаны салынып, іске қосылған.
Ауызсу құбырларын салудан бөлек, Маңғыстау облысында көл суын тұшыту қондырғы мен зауыт салу жұмыстары жолға қойылған. Биыл Қаржанбас кен орнында су тұшыту зауыты іске қосылған. Сондай-ақ, "Каспий" су тұшыту зауытының қуатын күшейтудің 2-ші кезеңі қолға алынып, 40 мың текше метр су тазарту қуатын іске қосу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек тағы 4 елдімекенде су тұшыту қондырғысын салу жұмыстары басталған.
Барлығы 8 тұшыту зауытын салу жоспарланып отыр. Оған 232 млрд теңге жұмсау көзделген.
Қостанай облысы
Биыл Қостанай облысында ауыл халқының 87 процентін ауыз сумен қамту көзделген. Алдағы екі жылда 180 ауылға су тартылып, халықтың сапалы сумен қамтылуы 100 пайызға жетеді деп жоспарланып отыр.
Атырау облысы
Атырау облысы халқының 98,5 пайызы ауызсумен қамтылған. Ал 2025 жылға дейін 27 ауылға ауызсу тартылып, халықтың ауызсумен қамтылу көрсеткіші 100 пайызға жетпек.
Аймақты кешенді дамыту бағдарламасы аясында өңірде осы жылы 16 ауылға ауызсу құбыры жүргізілген. Қалған 9 елдімекенге 2025 жылға дейін сапалы ауызсу тартылады.