Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бір топ қоғам қайраткерін мемлекеттік наградалармен марапаттады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаев марапат иелерін құттықтап, әрқайсының ел үшін сіңірген еңбегіне жеке-жеке тоқталды.
Президент ұлттық мәдениетімізді дамыту жолында көп еңбек етіп, бейнелеу өнерінде қайталанбас қолтаңбасымен ерекшеленген Бәтима Зәуірбекова отандық гобелен өнері мектебінің негізін қалап, қазақ әйелдері арасынан шыққан осы саладағы тұңғыш кәсіби маман атанғанына назар аударды.
"Шығармашылығыңыз жоғары деңгейде мойындалып, Мемлекеттік сыйлықтың иегері болдыңыз. Халқымыздың тарихын, бітім-болмысын, ою-өрнегі мен салт-дәстүрін дәріптеуге баса мән бердіңіз. Сіздің туындыларыңыз Алматы және басқа да қалалардың әйгілі ғимараттарына көрік беріп тұр. Туындыларыңыз өз елімізбен қатар шет мемлекеттерде сақталған. Сіздің еңбектеріңізді әлемге белгілі мамандар өте жоғары бағалайды. Ұлттық өнер жолында салған дара жолыңыз жас буын азаматтары үшін тамаша үлгі-өнеге деп санаймын", – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев саналы ғұмырын ұлт руханиятын дамытуға арнап келе жатқан көрнекті ғалым, қарымды қаламгер Тұрсын Жұртбай төл тарихымыздың ақтаңдақ тұстарын зерттеп, халықтың сана-сезімін жаңғыртуға елеулі үлес қосқанын атап өтті.
"Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығын терең зерттеп, жан-жақты дәріптеуге зор еңбек сіңірдіңіз. Абай – ұлттың рухани темірқазығы, өскелең ұрпақтың айнымас бағдары. Шын мәнінде, ұлы ойшылды тану – қазақты тану деген сөз. Сіз Мұхтар Әуезовтің және ұлт қайраткерлерінің мол мұрасы мен өнегелі өмірі туралы құнды ғылыми еңбектер жаздыңыз. Шоқтығы биік көркем шығармаларыңыз арқылы төл әдебиетіміздің құндылығын арттыра түстіңіз", – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы сөзін түйіндей келе, қазір Қазақстан жан-жақты жаңғыру жолына түсіп, елімізде түбегейлі өзгерістер жасалып жатқанына назар аударды.
"Ұлт тағдырын айқындайтын тарихи шешімдер қабылданды. Біз біртұтас қоғам болып жалпыұлттық референдум өткіздік, жаңа Конституциямызды қабылдадық. Азаматтарымыз жаңа Ата заңды бірауыздан қолдап, дауыс берді. Қазақта "Береке бастауы – бірлік" деген жақсы сөз бар. Біз ырысты ынтымағымызды сақтай білсек, еліміз де өсіп-өркендей береді. Көп ұзамай Қазақстан тарихында алғаш рет Құрылтай сайлауы өтеді. Бұл ел өміріндегі маңызды оқиға болмақ. Қазір науқан белсенді өтіп жатыр. Партиялар саяси мәдениеттің озық үлгісін көрсетіп келеді. Алдымызда өте жауапты кезең тұр. Ұлт болып ұйысып, бір ел болып жұмыла еңбек етеміз деп сенемін", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова