2019 жылы Алматы облысының Түрген ауылында арматура зауыты іске қосылды. Біраз уақыт жұмыс істемей тұрған кәсіпорын 2023 жылы қайта іске кірісті. Содан бері Түргеннің өзінде және маңайдағы елді мекендерде әр жұмыс күні таңнан кешке дейін электр жарығы жиі сөніп, кернеу төмендеп кететін болған. Мұның зауыт жұмысына қандай қатысы бар және мәселе шешіле ме? Tengri Home тілшісі анықтап көрді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Алматыдан 60 шақырым жердегі Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының Саймасай ауылының тұрғындары электр жарығына қатысты мәселе барын айтып шағымданды.
"Жарыққа қатысты проблема көктемде басталды. Қазір жағдай өте қиын: кір жуа алмаймыз, тамақ істей алмаймыз, шамдар дұрыс жанбайды. Менің кір жуғыш машинам да істен шықты. Бұрын бір салған кірді түннің бір уағына дейін 12-13 сағат жуатын. Жарық бірде бар, бірде жоқ, соның салдары осы болды. Осылай күн көріп отырмыз. Микротолқынды пешті кейінгі рет қашан қосқанымызды да ұмыттық", - деді Саймасай ауылының тұрғыны Анна Байшибулова.
Оның айтуынша, желідегі кернеу тұрмыстық техниканы қалыпты пайдалануға жетпейді. Тұрғындар күн сайын түрлі қызметке хабарласып, шағым айтып жүр. Ал жауапты мамандар мәселені шешуге уәде берумен келеді.
"Біз де ел қатарлы өмір сүргіміз келеді. Тоңазытқышымыз жұмыс істеп, кір жуып, жуына алсақ дейміз. Бар тілегіміз осы. Саймасайда бес мыңға жуық адам тұрады. Оның үстіне бұл мәселе тек біздің ауылда емес, көрші елді мекендерде де бар", - деді ол.
Ал мәселе ойлағаннан да ауқымды болып шықты.
"Алатау жарық компаниясы" (АЖК) мәселе Саймасайдан 30 шақырым жердегі Түрген ауылында орналасқан Central Asia Fu Zhou Metal ЖШС зауытына байланысты екенін мәлімдеді. Біраз уақыт тоқтап тұрған кәсіпорын 2023 жылы жұмысын қайта бастаған. Содан бері маңайдағы елді мекендердің тұрғындары электр жарығына қатысты қиындыққа тап болған.
Ауыл тұрғындарынан жаппай шағым түскеннен кейін компания Есік қаласы мен Түрген, Саймасай, Бәйдібек би, Ташкенсаз, Қайназар, Азат, Қойшыбек, Алға ауылдарын электрмен қамтып отырған желілерді тексерген.
"Күндіз электрге сұраныс ең жоғары болатын уақытта 110 кВ желідегі кернеу төмендейтіні анықталды. Бұл 10 кВ тарату желісіндегі кернеу көрсеткіштеріне де әсер етеді. Central Asia Fu Zhou Metal кәсіпорнының күштік трансформаторлары іске қосылған кезде, олардың жүктемесі 41 пайыз болса да, 110 кВ желілердегі кернеу төмендейді. Соның салдарынан Есік аудандық электр желісіне қарасты барлық желіде кернеу түсіп кетеді. Әсіресе Есік қаласы мен Түрген, Бәйдібек би, Саймасай, Ташкенсаз, Қайназар, Азат, Қойшыбек, Алға ауылдарында бұл мәселе қатты байқалады", - деп түсіндірді компания өкілдері.
АЖК зауыттың жүктемесі қосылған және өшірілген сағаттарда кернеудің ауытқуы - таңертең және кешке кернеудің төмендеуі болатынын растады.
"110 кВ желідегі кернеуді қалыпты деңгейде ұстау үшін АЖК мамандары күн сайын жедел түрде электрмен қамту сызбасын ауыстырып отырады. Күндіз тұтынушыларды электрмен қамтып отырған қосалқы станса уақытша №106И 110 кВ желісінен №107И 110 кВ желісіне көшіріледі", - деп мәлімдеді АЖК.
Яғни мамандар тұтынушыларды күн сайын қолмен басқа желіге ауыстыруға мәжбүр.
"Мұндай ауыстырудың қажеттілігі ірі өнеркәсіптік тұтынушы - қытайлық арматура зауыты жұмыс істеген кезде №106 110 кВ желісіне түсетін жүктеменің едәуір артуынан туындайды. Соның салдарынан кернеу төмендейді. Кәсіпорын жұмысы аяқталғаннан кейін, шамамен сағат 20:00-ден соң, желідегі жүктеме азайып, кернеу қалыпқа келеді де, электрмен қамту сызбасы бастапқы қалпына қайтарылады", - деп нақтылады компания өкілдері.
Айта кетейік, Central Asia Fu Zhou Metal ЖШС құрылысқа арналған болат конструкциялар өндіреді. Зауыт 2017 жылдан бері бес миллиард теңгеден астам салық төлеген.
Бұл ақпаратты Еңбекшіқазақ ауданының әкімдігі де растады.
"Зауыттың 2023 жылғы 16 наурыздан бастап қайта жұмыс істеуі №106И 110 кВ желісіндегі кернеуге айтарлықтай кері әсер етті. Электр сапасының көрсеткіштері белгіленген шектен ауытқыса, желідегі электр энергиясы мен қуат шығыны артады", - деп мәлімдеді Еңбекшіқазақ аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімі.
Әкімдік өкілдерінің мәліметінше, зауыт іске қосылғаннан кейін Қаракемер, Сатай, Талдыбұлақ, Балтабай және Ақши ауылдарында да кернеу төмендеген. Сол кезде кәсіпорынның электр желілері күшейтілгенімен, бұл мәселені түбегейлі шеше алмаған.
"Қазір 110 кВ желідегі кернеу төмен күйде қалып отыр. Бұл тұтынушыларға берілетін электр энергиясының сапасына және кернеудің қалыпты көрсеткіштеріне әсер етіп отыр", - деп қорытындылады әкімдік.
Ал АЖК әзірге жабдықтарды жаңарту және күштік трансформаторларды қуаты жоғары түріне ауыстыру мәселесін қарастырып жатыр. Бұл шаралар өңірдегі электр энергиясының сапасын жақсартуға тиіс. Алайда әзірге мұның бәрі жоспар күйінде. Сондықтан компания мамандарына мәселені әлі де күн сайын қолмен реттеуге тура келіп отыр.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз