- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Ел бізге үміт...
"Ел бізге үміт артып отыр". Мәжіліс депутаты сайлау алдында берген уәдесін орындады
Мәжіліс депутаты Әділ Жұбанов арбаға таңылған атыраулық әйелге баспана сыйлады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Он бес жылдан бері арбаға таңылған Айгүл Қуанышқалиеваға баспана алып беруге сайлауалды үгіт-насихат кезінде уәде етілген. 2014 жылдан бері бері пәтер кезегінде тұрған Айгүл Қуанышқалиева қанша рет әкімдіктің табалдырығын тоздырса да, үй ала алмаған.
"1-топтағы мүгедекпін. Жолдасым ғана жұмыс істейді. Жолдасыма "осы Әділ Жұбанов бастаған үміткерлерге жағдайыңды айтып, сөйлесіп көрсеңші" дегенмін. "Ұяламын" деп бармады. Ақыры өзім хабарластым. Өзіміз үй жалдап тұрамыз. Қаражат жетпейді", - дейді 1-топтағы мүгедек.
Айгүл Ханкерейқызы өздігінен жүріп-тұра алмайды. Күні бүгінге дейін ескі үйдің екінші қабатын жалдап тұрған ол жалпы аумағы 100 шаршы метрден асатын баспаналы болғанына әлі сене алмай отыр.
"Айгүл Ханкерейқызы бұған дейін барак үйде тұрып келді. Екінші қабатта тұрғандықтан, өздігінен түсіп-шыға алмады. Жағдайын өз көзіммен көргенімде, жағамды ұстадым. Бір ай іздеп жүріп, барлық жағдайы жасалған осы үйді таптық. Толықтай жөндеу жүргізіп, жаңаладық. Бұл үй емдеу мекемесіне жақын орналасқан. Енді Айгүл ханымның дәрігерге қаралуы да жеңілдейді. Халыққа берген уәдемізді ұмытпау ғана емес, оны орындауымыз керек. Ел бізге үміт артып отыр", - дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Әділ Жұбанов.
Баян Жанұзақова
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz