Экзитпол нәтижесі шықты: Құрылтайға қанша партия өтті?

Қазақстандағы Құрылтай депутаттарын сайлау бойынша экзитпол нәтижелері жарияланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Алғашқы сауалнама нәтижесіне сәйкес, Құрылтайға 5 саяси партия өтуі мүмкін. Бұл деректерді Еуразиялық интеграция институты жариялады.

Құрылтай сайлауындағы экзитпол нәтижесі мынадай:

  • "Әділет" партиясы - 71,80%;
  • Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) - 5,20%;
  • Қазақстанның "Байтақ" жасылдар партиясы - 1%;
  • Қазақстан Халық партиясы (ҚХП) - 3%;
  • "Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясы - 6,40%;
  • Қазақстанның "Ақ жол" демократиялық партиясы - 5,10%;
  • Respublica - 5,40%;
  • "Бәріне қарсымын" - 2,10%.

ИКСИ "Социс-А" дерегі бойынша, Құрылтай сайлауындағы экзитпол нәтижесі былай бөлінді:

  • "Әділет" партиясы - 70,7%;
  • "Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясы - 6,4%;
  • Respublica - 5,5%;
  • Қазақстанның "Ақ жол" демократиялық партиясы - 5,4%;
  • Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) - 5%;
  • Қазақстан Халық партиясы (ҚХП) - 3,2%;
  • Қазақстанның "Байтақ" жасылдар партиясы - 1,2%;
  • "Бәріне қарсымын" - 2,6%.

Ал Қоғамдық саясат институтының мәліметінше, дауыс беру нәтижесі мынадай:

  • "Әділет" партиясы - 72,3%;
  • "Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясы - 6,2%;
  • Respublica - 5,2%;
  • Қазақстанның "Ақ жол" демократиялық партиясы - 5,1%;
  • Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) - 5%;
  • Қазақстан Халық партиясы (ҚХП) - 2,8%;
  • Қазақстанның "Байтақ" жасылдар партиясы - 0,9%;
  • "Бәріне қарсымын" - 2,5%.

Экзитпол халықаралық тәжірибеде қолданылатын стандартты әдістеме бойынша сұхбат түрінде жүргізілді. Қатысушыларға "Парламент сайлауында қай партияға дауыс бердіңіз?" деген бір ғана сұрақ қойылды.

Материал толықтырылып жатыр.

Анықтама: Экзитпол - бұл сайлаушылардың дауыс беріп шыққан бойда жүргізілетін сауалнамасы. Әдетте сұхбат алушылар сайлау учаскелерінің маңында тұрып, адамдардан кімге немесе қай партияға дауыс бергенін сұрайды. Қатысу ерікті түрде жүзеге асады. Экзитпол ресми дауыстар толық саналып біткенге дейін сайлаудың ықтимал нәтижесін шамалауға мүмкіндік береді. Алайда оның қорытындысы сайлаудың ресми нәтижесі болып саналмайды және түпкілікті деректерден өзгеше болуы мүмкін.

Партиялар Құрылтайға өтуі үшін жалпы сайлаушылар дауысының кемінде 5 пайызын жинауға тиіс.

Сайлаудың алдын ала және түпкілікті қорытындысын кейін Орталық сайлау комиссиясы жариялайды. Ресми нәтиже 30 тамызға дейін белгілі болуға тиіс.

Нәтиже қашан белгілі болады?

Алдын ала қорытынды бірнеше күн ішінде жариялануға тиіс. Ал ресми нәтиже сайлаудан кейін 7 күннен кешіктірілмей шығарылады.

Бұл - сайлаудың түпкілікті қорытындысы биыл 30 тамызға дейін жарияланады деген сөз.

Құрылтай сайлауы

23 тамызда Қазақстанда жаңа бір палаталы Парламент - Құрылтай депутаттарын сайлау өтті. Бұл - 1991 жылдан бергі оныншы парламенттік сайлау және жаңа Конституция қабылданғаннан кейінгі алғашқы сайлау.

Сайлауға 7 партия қатысты. Құрамы мынадай:

  • "Ақ жол" демократиялық партиясы - 63 кандидат;
  • "Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясы - 69 кандидат;
  • "Әділет" партиясы (құрамына Amanat партиясы кірген) - 186 кандидат;
  • "Байтақ" Қазақстан жасылдар партиясы - 47 кандидат;
  • Қазақстан Халық партиясы (ҚХП) - 72 кандидат;
  • Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) - 33 кандидат;
  • Respublica партиясы - 75 кандидат.

1 шілдеден бастап Қазақстан ресми түрде "жаңа дәуірге" қадам басты. Елде жаңа Конституция өз күшіне енді.

Конституциялық реформадан кейін Мәжіліс пен Сенат жұмысын тоқтатып, депутаттар таратылды. Енді елде қос палаталы Парламенттің орнына Құрылтай жұмыс істейді. Сайлау қорытындысы бойынша жаңа Парламентке 145 депутат кіреді.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!