- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- ЭКСПО-2017 павильондарын халықаралық...
ЭКСПО-2017 павильондарын халықаралық қатысушыларға табыстау басталады
ЭКСПО-2017 ұйымдастырушы кеңсесінде «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ-ның Басқарма Төрағасы Ахметжан Есімовтің Бразилия ұлттық секторының комиссары Золтир Чиапеттимен және Бразилия Федеративтік Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Деметро Буэно Карвальомен кездесуі өтті. Бұл туралы expo2017astana.com сайтында жарияланды.
Кездесу барысында Ахметжан Есімов бразилиялық тарапты Көрмені дайындау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар жайлы хабардар етті. «Дүйсенбіде (31.10.2016 ж.) біз алғаш халықаралық павильондарды, сонымен қатар пәтерлерді ЭКСПО-ға қатысушы мемлекеттерге табыстауды бастаймыз», - деп атап көрсетті ұлттық компания Басқармасының Төрағасы.
Өз кезегінде Золтир Чиапетти жаңартылатын энергия көздері бойынша өз әзірлемелерін Астана қаласындағы ЭКСПО-2017 көрмесінде көрсету мүмкіндігі үшін алғыс білдірді. «Біз үшін бұл өте маңызды оқиға, өйткені Бразилияда жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 73,5% шамасын құрайды. Бұл біздің болашақ энергиясы бойынша әзірлемелерімізді көрсету мүмкіндігі. Елде гидроэнергетика, жел, күн және басқа энергиялар өте дамыған. Біз осы Көрмеде сіздердің үміттеріңізді ақтауға тырысамыз», - деп мәлімдеді Бразилия ұлттық секциясының комиссары.
Бүгінгі күнге ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуды ресми түрде 105 ел растады, 101 ел өздерінің ұлттық комиссарларын тағайындады. Қазіргі мезетте компания экспозициялардың жобаларын қабылдауға кірісті.
T. Кіршібаев