ЭКСПО-2017 нысандарын салу бойынша Қарағанды облысының кәсіпорындары құны 8,6 млрд. теңге болатын 23 келісімшарт бекіткен.
Бұл туралы халықаралық көрмеге дайындық мәселелері бойынша облыс әкімдігінде өткен жиналыста хабарланды.
Облыстың өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасының хабарлауынша, өңірдің 21 кәсіпорны келісімшарт жасауға қатысқан. «КЗМК-Имсталькон» ЖШС металл конструкцияларын дайындау және жеткізу бойынша, «Арселор Миттал Теміртау» АҚ, «Теміртау Қазмеханомонтаж №2» ЖШС (металл құрастырылмдары) және «Гранит» ПК ірі келісімшарт жасады.
Сонымен бірге, қарағандылық өндірушілер ЭКСПО нысандарының құрылысшыларына бетон өнімдерін, жылу радиаторларын, құбырлар, құрылыс қоспаларын, лак және бояу өнімдері мен өрт сөндіру жүйелерін жеткізеді.
ЭКСПО-2017 нысандарына отандық құрылыс материалдарын жеткізу көлемі бойынша Қарағанды облысы елімізде екінші орында тұр.
«Бастапқыда ЭКСПО өткізуге дайындық жұмыстары бойынша біздің облыс құрылыс материалдарын жеткізу және жобалаумен айналысты. Ал, бүгінгі таңда көрмені ақпараттық қолдау бойынша жұмыстарды ұйымдастыру, туристік бағыттар мен жол бойындағы сервисті дамыту, еріктілерді дайындау жұмыстарын атқаратын деңгейге жеттік», - деді облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков.
Жиналыс қорытындысы бойынша, облыс әкімі туристік операторлармен және ЭКСПО нысандарын салу бойынша жұмыстарды жалғастыру туралы бірқатар тапсырмалар берді.
Дереккөз: inform.kz