«Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ-да ЭКСПО-2017 Қоғамдық кеңесінің қорытынды отырысы болып өтті. Кездесу аясында Қоғамдық кеңестің үш отырысының жұмыстарына қорытынды жасалды және Қазақстан Үкіметіне әрі қарай қарастыру үшін жіберілетін 10 негізгі ұсыныс қабылданды. Бұл туралы «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» Акционерлік қоғамының баспасөз қызметі хабарлады.
Қоғамдық кеңес мүшелерінің және шақыртылған сарапшылардың алдында «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ Басқармасының Төрағасы Ахметжан Есімов сөз сөйледі. Ол 2016 жылы компанияның қол жеткізген негізгі жетістіктері туралы айтып берді.
«Біз сіздермен қаңтар айында Қоғамдық кеңестің алғашқы отырысында кездескен едік. Бұл жыл қауырт, бірақ нәтижелі болды. Көрме кешенін қарап шығып, бұған көз жеткіздіңіздер деп ойлаймын. Жақында Президент ЭКСПО аумағында стелланы ашты. Елбасы біз жасаған күрделі жұмысты байқады. Құрылысқа қатысты айтар болса, біз бүкіл жұмысты заңды негізге қойдық. Ең алдымен, жобалық-сметалық құжаттаманы әзірледік және мемлекеттік сараптама алдық. Бұл аса үлкен қағаз жұмысы. Біз аса қомақты соманы үнемдедік, оны барлық нысандар бойынша қорытынды сараптама алған кезде дәл айтамыз», - деді Ахметжан Есімов. Ұлттық компания басшысы сондай-ақ Қоғамдық кеңестің барлық мүшелеріне органның жұмысына белсенді қатысқандары үшін алғыс білдірді және келе жатқан жылда мол табыс пен жетістіктер тіледі.
ЭКСПО-2017 Қоғамдық кеңесінің Төрағасы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетінің ректоры Ерлан Сыдықов 2017 жылы ЖОО базасында Гидтер мен экскурсия жүргізушілерін даярлау бойынша орталық құру идеясы туралы айтты. «Гидтер мен экскурсия жүргізушілері қазақ, орыс, ағылшын, қытай, француз, түрік және басқа тілдерді үздік деңгейде біліп қана қоймай, сонымен қатар шетелдік туристерге елімізді ең жақсы жағынан көрсету үшін Қазақстан мен дүниежүзі географиясын, тарихын, экономикасын білулері тиіс».
Сонымен қатар Қоғамдық кеңестің Төрағасы ішкі және Байқоңыр ғарыш кешеніне келушілер туризмін дамыту үшін «Астана-Байқоңыр-Астана» және «Алматы-Байқоңыр-Алматы» тікелей әуе бағдарларының ашылуына, сондай-ақ шетелдік туристерді кешенге жіберуге өтінімдерді қарастыру мерзімдерін 45-тен 14 күнге дейін қысқарту туралы сұрақты шешуге қатысты ұсыныстар айтты.
ЭКСПО-2017 Қоғамдық кеңесінің алғашқы отырысы 2016 жылдың 26 қаңтарында болған. Қоғамдық кеңестің бүкіл жұмысы ішінде бір жыл бойы консультативтік-кеңесші органның мүшелерімен 50 бағалы ұсыныстар мен кепілдемелер берілгенін айта кеткен жөн. Үкімет пен мемлекеттік органдарға қарастыруға негізгі 10 ұсыныс жіберіледі. Оның ішінде, туризмді дамыту бойынша дербес мемлекеттік органды құру туралы, «Байқоңыр» космодромына келу үшін шетелдік туристерге визалық және көліктік жағдайлар жасау туралы, Л.Гумилев ат. Еуразия университетінің базасында Гидтер мен экскурсия жүргізушілерін даярлау бойынша орталық құру туралы. Барлық осы сұрақтар Қоғамдық кеңестің отырыстарында бірнеше мәрте көтерілген және мемлекеттік органдардың сарапшыларының қатысуымен, облыс Әкімдерімен және қоғамдастық өкілдерімен талқыланған.