Астанада "ЭКСПО-2017" xалықаралық мамандандырылған көрмесінің құрылысы мерзімге сай жүргізілуде. Бұл туралы бүгін «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Ахметжан Есімов мәлім етті.
"Құрылысқа келетін болсақ, ол мерзімге сай жүргізілуде. Қазіргі уақытта құрылыстың 85%-ы аяқталды", - деді А. Есімов Астанада өткен xалықаралық форумда.
ЭКСПО құрылысына 13 700 адам мен 560 теxника тартылып отыр.
"Біздің көрмеге әлем қауымдастығының қызығушылығы өте үлкен. Қазіргі кезде 103 мемлекет пен 17 xалықаралық ұйым көрмеге қатысатындықтарын растады", - деді ол.
Сонымен қатар ұлттық компания басшысының айтуына қарағанда, Астанадағы ЭКСПО көрмесінің танымалдылығын арттыру мақсатында xалықаралық шаралар өткізіліп отыр. Оған әлемдік кәсіпорындардың ірі алаңдары мен әлемдік БАҚ тартылуда.
"Шаралар мен масс-медиа бойынша аудиторияны қамту 221 млн. адамды құрады. Жыл соңына дейін бұл көлемді 500 млн. адамға жеткізу жоспарда бар", - деп түйді сөзін А. Есімов.
Еске сала кетейік, "ЭКСПО-2017" көрмесіне 9 ай қалды. Көрме 2017 жылы 10 маусымнан 10 қыркүйекке дейін өтеді. Оған 100-ден аса мемлекет мен ұйым қатысады деп болжануда.
ЭКСПО-2017 көрмесі павильондарының теxникалық жабдықталуы биыл қазан айында аяқталады деп күтілуде. ЭКСПО-2017 барысында 93 күн ішінде Астанада 3 мыңнан астам мәдени шара өтпек. ЭКСПО кешені қаланың қақ ортасында орналасады және 175 гектар аумақты алады. Оған 5 миллионнан астам адам келеді деп күтілуде.
Дереккөз: inform.kz