ЭКСПО-2017 – айрықша мүмкіндіктер алаңы

ЭКСПО-2017 халықаралық маман­данды­рыл­ған көрмесіне әзірлік жұмыстарының аясында елордада «Болашақтың энергиясы: баршаға қуат» деген тақырыппен халықаралық форум өтті. Алқалы жиынға 60-тан астам халықаралық ұйым мүшелері, отандық және шетелдік ғалымдар қатысты.

Конференция барысында қатысу­шылар өзара тәжірибе алмасып, дүние жүзінің барлық елдерін тұрақты қуат көзімен қамту ісіндегі халықаралық ұйымдардың рөлі туралы ой бөлісті. Жиынды «Назарбаев Университеттің» президенті Шигео Катсу жүргізіп отырды. Форум осымен үшінші мәрте өткізіліп отырғанын тілге тиек еткен Ш.Катсу:

«Бұл басқосу өзара пікір алмасуға, тәжірибе бөлісуге арналған. Үш жылдың ішінде форум нақты ұсыныс алаңына да айналды деуге болады. Болашақта кездесуі мүмкін қиындықтарды қалай еңсеретініміз осы жерде талқыланады», деп атап өтті. Ол әлем елдерінің мұнай, көмір сынды дәстүрлі қуат көздеріне балама бола алатын қуат көздерін тауып, оны кәдеге жарату үшін түрлі тәжірибелер мен ізденістерді жүзеге асырып жатқанына тоқталды. Әсіресе, күн, жел, су энергиясы сынды табиғи қуат көздерін пайдалануда адамзат айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіп келе жатқанын айтты.

Біз табиғи қуат көздері баршаға ортақ болуға тиіс деп санаймыз. Се­бе­­бі, жасанды энергия сарқылады, ал та­би­ғаттың өзінен алынған қуат ешқа­­шан сарқылмайды, сондай-ақ ол қор­ша­ғ­ан ортаға да зиян келтірмейді. Олай болса, табиғи қуат көздерін кәдеге жарату ісіне баршамыз жұмы­лып жұмыс істеуіміз керек, деді Ш.Катсу.

«Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов бұған дейін атқарылған жұмыстар барысы туралы баяндап, алдағы жоспарлардың жай-күйін ортаға салды. Оның айтуынша, көрме нысандарының құрылысы кестеге сай жүргізіліп жатыр. Қазір құрылыс жұмыстарының 85 пайызы толықтай аяқталған. Құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін тәмамдалады. Қазірдің өзінде дайын болып қалған павильондар қазан айының соңынан бастап көрмеге қатысушыларға беріле бастамақ.

ЭКСПО құрылысына 13 мың адам мен 560 техника тартылды. Біздің көрмеге әлемдік қоғамдастық тарапынан қызығушылық өте зор. Қазір 103 мемлекет пен 17 халықаралық ұйым көрмеге қатысатындарын растады, деді А.Есімов. Ол атап өткендей, Халықаралық көрмелер бюросымен арадағы келісімнің арқасында көрме билетінің барынша арзан болуына қол жеткізіліпті. Бұл ел халқын және шетелдік туристерді шараға қызықтыру үшін жасалған маңызды қадамдардың бірі деуге болады.

Осы орайда, таяуда ғана компания халықтың көрмеге деген қызығушылығын арттыру мақсатында ақпараттық тур өткізгенін айта кету керек. Бұл шараға әлемнің түкпір-түкпірінен 100-ге тарта туристік операторлар келген болатын. Ақпараттық тур кезінде туристік операторлар еліміздің көрікті жерлерін аралап, оған туристерді қызықтыруға болатындығына көздерін жеткізді. ЭКСПО қонақтарына арналған 73 туристік маршрутпен жүріп өтті.

Халықаралық көрмені тамашалауға ниет білдіріп жатқан адамдардың қатары қазірдің өзінде аз емес. Осы басқосуда айтылғандай, күні бүгінге дейін 74 мың билетті сату үшін 5 ірі келісімге қол жеткізіліпті. Көрме аясында 3 мыңнан астам тақырыптық және мәдени-сауықтық іс-шара өткі­зі­леді, этнотуризмге басымдық беріледі.

ЭКСПО-ның халықаралық арена­дағы танымалдығын арттыруға әлемдік кеңістікте беделі жоғары БАҚ-тар да тартылған. Масс-медианы пайдаланып жасалған насихат жұмыстары 221 млн адамдық аудиторияны қамтыпты. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 500 млн адамға дейін жетеді деп жоспарланып отыр.

Астана төріндегі жиынға Халық­аралық көрмелер бюросының Бас хат­шысы Висенте Лоссерталес те қатыс­қанын атап өткен жөн. Елордаға бірер күн бұрын келіп, көрмеге дайындық барысымен танысқан В.Лоссерталестің атқарылып жатқан жұмыстарға көңілі толғаны байқалады. Ол өз сөзінде ЭКСПО-2017 көрмесінің халықаралық қоғамдастықтың даму жолындағы рөлі ерекше екендігіне тоқталды. Маған сіздердің жұмыс сапасына баса көңіл бөлгендеріңіз ұнады. Көрме кешендерін бірнеше рет аралап көріп, осыған көз жеткіздім. Құрылыс жұмыстарының қарқыны өте жоғары. 25 жылдық қызметімде нысандардың құрылысы осынша жоғары қарқынмен жүргізілгенін бірінші рет көрдім. Сол себепті, көрменің жемісті өтетініне сенімім мол, деді ол.

Сондай-ақ, ЭКСПО-2017 халық­ара­лық компанияларға қолдау көрсе­туде екенін, әсіресе, қазіргі таңда эко­номиканың ең бір болашағы зор саласы – жаңғыртылатын энергия көздерін игеру ісінде айрықша мүмкіндік ұсынып отырғанын атап көрсетті. Компаниялар осы мүмкіндікті пайдаланса, бұл әлемдік экономиканы жақсартуға да әсер етеді деп ойлайтынын айтты ол. Адамзат болашақта энер­гия тапшылығына ұшырауы мүмкін деген болжамдар жиі айтылып жүр. Астанада өтетін халықаралық көрме­нің тақырыбы осы проблеманы шешу жолындағы маңызды қадам­дардың бірі болуы керек, деді В.Лос­серталес.

Алқалы жиынға Энергетика ми­нистрі Қанат Бозымбаев қатысып, газ химиясы секторын дамыту отандық энергетиканы дамытудың басты бағыттарының бірі екенін айтты. Министрдің айтуынша, алдағы уақытта елімізде газ өндіру көлемі ұлғайып, 2020 жылы бұл көрсеткіш 65 млрд текше метрге дейін жетуге тиіс. Биылғы көрсеткіш 43 млрд текше метрді құрайды деп жоспарланған. Бұл бізге газ экспортын арттыруға және оны ішкі нарықта белсендірек пайдалануға жол ашады. Яғни, көмірдің орнына газ генерациясын дамытуға болады, деді Қ.Бозымбаев. Бұл қоршаған ортаға таралатын зиянды қалдықтар мөлшерін айтарлықтай азайтуға септігін тигізбек.

Сондай-ақ, Қ.Бозымбаев министр­ліктің жаңғыртылатын энергияны дамыту ісіндегі жоспарларымен де бө­лісіп, жуық арада осы бағытта ауқымды зерттеу жұмыстарын жолға қою қарастырылғанын жеткізді. Біз «Форсайт-2050 – жаңа энергия әлемі және Қазақстанның орны» деп аталатын ауқымды зерттеуді қолға алдық, оған отандық және шетелдік футурист сарапшылар тартылады. Бұл зерттеу республиканың энергетикалық саясатын трансформациялауға қатысты барлық сауалдарға жауап беріп, оған ұзақ мерзімді негіз болуға тиіс, деді министр. Қ.Бозымбаевтың айтуынша, зерттеу қорытындысы келер жылы ЭКСПО-2017 көрмесінің ашылуы қар­саңында жария етіледі.

Сонымен, келер жылы маусым айында басталатын халықаралық көрмеге дейін 9 айға жуық уақыт қал­ды. Жоғарыда атап өткеніміздей, 93 күнге созылатын ауқымды шара бары­сында 3 мыңнан астам мәдени бағ­дарлама өтеді. Көрмеге 5 миллионнан астам адам келеді деп жоспарланған.

Арнұр АСҚАР
Дереккөз:  egemen.kz