"Халық кемелге келіп өркендеп өсуі үшін ең алдымен азаттық пен білім қажет",– деген данышпан ғалым, ағартушы Шыңғыс сұлтанның ұлы Мұхаммедқанапия Уәлиханов. Иә, азаттыққа зор нәубетпен қол жеткіздік, ендігі меже сол қасиетті тәуелсіздіктің темірқазығын берік етіп ұстап тұратын білімді, отансүйгіш, сөзіне тұрақты парасатты ұрпақ тәрбиелеу.
Аталған бағыттарды негізге ала отырып 24 сәуір Алматы қаласы Білім басқармасына қарасты Махатма Ганди атындағы №92 мамандандырылған лицейінде №92 лицей мен Білім инновациялық лицей (БИЛ, бұрынғы ҚТЛ) оқушыларының қатысуымен "ЭКСПО – 2017" Халықаралық ауқымды көрмесі аясында "Оқушылардың ғылыми-ізденіс шығармашылық жұмыстары – Ұлттық инновациялық мектеп моделін қалыптастырудың кепілі" атты көрме өтті. Қала көлемінде өткен шараға 40-қа жуық жалпы білім беретін мектеп-мекемелер мен БИЛ, SDU (Сүлеймен Демирел Университеті) колледжі арнайы қатысып, өзара көпқабатты платформада тәжірибе алмасу жұмыстарын жүргізді.
Қоғамда және жеке өмірінде белсенді әлеуметтік бейімделуге қабілетті, кәсіби білімін саналы түрде дамытатын, өздігінен білім алуға қажетті ішкі уәжі жеткілікті, жан-жақты дамыған азамат тұлғасын дайындау мақсатын көздеген №92 мамандандырылған лицейінің басты ұстанымы – жеке тұлғаның жоғары зиялылық және мәдени даму деңгейін айқындайтын ғылыми-жаратылыстану бағытындағы пәндерге (физика-ғарыш, химия-биология, IT) негізделген ғылыми жаратылыстану дайындығы еді. Осы бағытта лицей оқушыларының фунционалдық сауаттылықтарын қалыптастыру олардың болашақта таңдаған мамандықтарына қарай бейімдеу жұмыстарымен ұштастыра отырып дамыту – мектептің басты міндеттерінің біріне айналып отыр. Оқушылардың бейіндік іс-әрекеттерін жүргізу жобалық зерттеу және әртүрлі үйірме жұмыстары арқылы іске асырылады.
Оқушыларды ақпараттық технология бағытына бейімдеу үшін жоғарғы білікті мамандар мен материалдық база қажет. "Ұлттық инновациялық мектебін" құру ең алдымен мектептің материалдық базасы мен ғылыми-инновациялық әдістемелік жұмыстарын және тәрбие жүйесін жандандыру арқылы жүзеге асады. Көрменің ең басты есте қаларлық оқиғасы – үш бірдей толыққанды зерттеу жүргізу орталықтарының ресми тұсаукесер-ашылымы болды. Олар: "3D графика-робототехника кластері", "Судың химиялық қасиеттерін зерттеу зертханасы" мен "Ұжымдық радиостанция байланыс кабинеті". Шара қатысушылары мен қонақтары лицейдің шығармашылық ізденісі мен ғылыми әлеуетіне оң бағасын беріп, бір емес бірнеше зерттеу институттарының жүгін көтерген "жас ғалымдарға" сәттілік тіледі.
Мектептің инновациялық жобаларын іске асыруға қажетті материалдық базасын қалыптастыру лицеймен серіктес мекемелер және қамқорлық кеңестің демеушілігі арқасында іске асырылып жатыр. Осы орайда тәжірибелік дағдыны қалыптастыру мен дамыту үшін міндетті түрде тәжірибелік алаң қажет. Ол үшін мектепте «Астро-ғарыштық оқу зерттеу кешені» салынды. "Астро-ғарыштық оқу зерттеу кешені" негізгі үш бөліктен тұрады, олар: сандық планетарий, қашықтықтан басқарылатын автоматтандырылан обсерватория және физикалық құбылыстарды зерттеу зертханасы, теле және анимациялық студия.
Фесенков атындағы Астрофизикалық институтпен (АФИ) бірігіп лицей өте көп жұмыс атқарып жатыр. АФИ лицейге демеушілік және ғылыми-техникалық қолдауының арқасында қашықтықтан басқарылатын обсерватория жобасын жүзеге асыру қолға алынды. Қазіргі кезде екі телескоп автоматтандырылып интернет желісі арқылы қашықтықтан басқарылу жұмыстары жүріп жатыр. Қажетті тетіктер мен құрылғыларды қиналмай мектепте жасау үшін фрейзерлік станок пен компьютерлер сыйға тартылып, лицейде "3D графика" зертханасы пайда болды. 3D бағдарламасы мен фрейзерлік станокпен жабдықталған зертхананада оқушылар өздерінің қиялындағы роботтарын модельдеп, кез-келген деталін басып шығарған өнімдерін ұсынды.
Алматы қаласының радиоәуескойлар ұжымының көмегімен мектепте жапониялық трансиверлермен (ICOM-756PROIII, KENWOOD-TS2000, YAESY-FT950) жабдықталған ұжымдық радиостанция жұмысын бастады. Ұзындығы 14 метр мектеп шатырына орналастырылған A-4S «Яги» типті (14 МГц, 21 МГц и 28 МГц) арнайы антеннаның көмегімен Жер бетінің барлық нүктесімен және ғарыш кемелерімен 7 МГц жиіліктегі радиотолқынмен байланыс орнатуға болады.
Телекоммуникация, ғарыштық байланыс және кез-келген радиобайланыс түрлерінің негізін практика жүзінде үйренуге мүмкіндік беретін радиостанцияның құны шамамен $20 000 асады. Ұжымдық радиостанция құрамындағы 30 оқушы шеберлігін шыңдап, Жер планетасын пана тұтқан өзге құрлық мемлекеттеріндегі радиоәуесқойлармен халықаралық қатынастарды нығайту міндеттемелерін сәтті жүргізіп келеді. Көрме барысында клуб байланысушылары өздерінің ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай және ХХҮІІІ Халықаралық қысқы универсиадаға арналған радиоәуесқойлардың белсенділік күндері Алматы қаласы бойынша 54 838 байланыс жүргізілген болса, соның 7 379 UP28UA префикстіндегі клуб еншісінде болып, сәйкесінше Қазақстан Радиоәуесқойлар қызметі Ассоцияциясының арнайы Алтын, Күміс, Қола жүлделі дипломдарымен мараптталғанын және алдағы уақытта «Astana: EXPO-2017» ауқымды жобасының тікелей дүниежүзілік радионасихатшысы ретінде үлес қосу сияқты жоспарларымен бөлісті.
«Asia water» су өнімдерін шығаратын компания лицейге құны 3,5 миллион теңге болатын судың химиялық құрамын зерттеуге арналған зертхана сыйлады. Зертханада оқушылар судың химиялық құрамын зерттеуге арналған 20-дан астам зертханалық жұмыстар жүргізіп жатыр. Қазіргі кезде лицей оқушылары «Алматы қаласы мен қала маңы елді мекендеріндегі су көздерінің топографиялық картасын жасау» атты тұрғындар тұтынатын барлық су көздерінің сапалық құрамын, қаншалықты пайдалы және зиянды екенін зерттейтін жобаның нобайымен таныстырды. Ел назарын өзіне еріксіз аудартқан зерттеу көпті таңдай қақтырды. Айтары жоқ, жұмыс ЖОО мен институттар механизмі деңгейінде іске асқан, аз уақытта тұтынушылар қолына дайын өнім ретінде түсуі мүмкін.
1000-ға жуық көрмешілер тамашалаған көрменің негізгі бөлімінде "Нұр Отан" партиясының Бостандық аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Баймұрат Жамбылов пен аудандық оқу бөлімі атынан лицейдің материалдық-техникалық базасын жабдықтауға демеушілік білдіріп, өзара тығыз қарым-қатынас жүргізіп келе жатқан "Алматы радиоәуесқойлар лигасы", "Фесенков атындағы Астрофизикалық институты (АФИ)" мен "Қазақстан Астраномиялық әуесқойлар клубы", "Азия СУ" ЖШС (Asia Waters) ұйымдарына арнайы алғыс хаттарын табыстады. Мектеп дәліздерін толтырған, көрген жанды таңдай қақтырып-тамсандырған ғылыми-инновациялық жоба жұмыстарымен жете танысқан көрме көрермендері жас өскін ұрпақтың ғылымға мейлінше бейімдігіне жоғары бағасын беріп, жүргізіліп жатқан толайым еңбекке толассыз жылы лебізін білдіріп жатты. Өзге павильондарда да көзтартар зерттеу жұмыстары айтулы көрменің көркін қыздырып, өз жобаларын ұсынған №191 мектеп, БИЛ, SDСL, өзге мектеп қатысушыларының еңбектері көптің назарын аударды Оқушылардың ғылыми-ізденіс шығармашылық жұмыстарын Ұлттық инновациялық мектеп моделін қалыптастырудың кепілі ретінде қарастыру даусыз аксиоама.
Парасатты һәм сапалы адам капиталын қалыптастыру, оның шығармашылық және интеллектуалдық әлеуетін ел игілігіне тиімді пайдалану ХХІ ғасырда өзінің әлеуметтік-экономикалық мәнін жоғалтпай, керісінше Ұлттық инновациялық мектеп партасынан басталатынына ел кезекті түрде тағы бір мәрте куә болды.