- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Экс-сутенерлер мен жезөкшелер...
Экс-сутенерлер мен жезөкшелер "Арт Спорт" бағдарламасы бойынша жұмыс істеген: басқарма өкілдері пікір білдірді
"Artsport" бағдарламасы бойынша жұмыс істеген барлық жаттықтырушы соттылықтың жоқтығына тексеруден өткен. Маңғыстауда спорт жаттықтырушылары арасында құқық бұзушылық фактілері анықталған жоқ. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар орталығында Маңғыстау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы өкілдері айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Дене шынықтыру және спорт басқармасындағылар бұрынғы сутенер мен жезөкшелер "Artsport" бағдарламасы бойынша Маңғыстау облысында жаттықтырушы лауазымдарында жұмыс істегені туралы ақпаратқа қатысты түсінік берді.
Облыстық спорт басқармасындағылар "Artsport" платформасында тіркелу үшін аймақ жаттықтырушыларынан талап етілетін құжаттар тізбесінде соттылығының жоқтығы туралы анықтама бар екенін атап өтті.
"Барлық құжат тексеруден өтеді. Жергілікті атқарушы органның операторына жаттықтырушылардан келіп түскен өтінімдерде соттылықтың болуы анықталған жоқ. Сонымен қатар, үш ірі құзыретті тексеруші орган спорт жаттықтырушыларында құқық бұзушылық фактілерін (экс-сутенер және притон) анықтаған жоқ", - деді облыстың дене шынықтыру және спорт басқармасы өкілдері.
Еске салайық, Мәжіліс отырысында депутат Нартай Сәрсенғалиев алты өңірде экс-сутенерлер мен жезөкшелер "Арт Спорт" бағдарламасы бойынша жаттықтырушы болып жұмыс істегенін мәлімдеген болатын.
Сәрсенғалиевтің айтуынша, елімізде осындай 20 дерек тіркелген.
"ArtSport бағдарламасы бойынша жыныстық қылмыс жасағаны үшін соттылығы бар, притон ұйымдастырған және жезөкшелік жасаған адамдар жұмыс істеді. Бұл қалай? Бұрынғы жезөкшелер мен сутенерлерге балаларды қалай сене аламыз? Құзыретті органдар қайда қарады? Психологтар осы адамдар жаттықтырған балалармен жұмыс істеді ме? Балаларға бұрынғы жезөкшелер мен қылмыскерлер жаттықтырғанын қалай түсіндіруіміз керек?" - деді депутат.
Сұрақтарға Бас прокуратураның қоғамдық мүдделерді қорғау қызметінің аға прокуроры Дулат Әшірбеков жауап берді. Оның айтуынша, секс-индустрияның бұрынғы қызметкерлері балалармен жұмыс істеген деректер Алматы мен Шымкентте, сондай-ақ, Қарағанды, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында тіркелген.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина