Экс-судья Айгүл Сайлыбаеваның өлімі: оның күйеуі Мәскеуде жүргені белгілі болды

Экс-судья Айгүл Сайлыбаеваның өлімі: оның күйеуі Мәскеуде жүргені белгілі болды
Фото: instagram.com/podslushano.de

Германияда қайтыс болған бұрынғы судья Айгүл Сайлыбаеваның күйеуі Мәскеуде көзге түсті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

112 Telegram арнасының журналистері Александр Донцовты Мәскеуден тауып, видеоға түсірген. 

"Көп өтірік айттыңыздар. Жалған ақпаратты көп тараттыңыздар. Адамдар, арандатуға ермеңіздер, сенбеңіздер", - дейді ол видеода.

Арна мәліметінше, 2 ақпанда Александр мен Наталья Донцовтар Мәскеудегі Тергеу комитетінде куәлік еткен. Мәліметке сүйенсек, Наталья Ресей Конституциясының 51-бабын пайдаланып, тергеушімен сөйлесуден бас тартқан.

Александр Донцовтың жұмыс орны

Әлеуметтік желіде тағы бір видео тарады. Видео авторы Жоғары экономика мектебінің студенті екенін айтады. Оның сөзінше, Александр Донцов осы оқу орнында жұмыс істейді.

"Бұл адам шамамен бес айдан бері жұмыс істейді", - дейді студент видеода.

Ұлттық зерттеу университеті Жоғары экономика мектебінің ресми сайтындағы мәліметке сүйенсек, Александр Донцов бұл оқу орнында бес айдан бері тіркелген әрі ол туралы ақпарат "Оқытушылар" бөлімінде жарияланған.

Сайттағы ақпарат бойынша ол Дүниежүзілік экономика және дүниежүзілік саясат факультетінің Дүниежүзілік экономика департаментінде ғылыми қызметкер болып жұмыс істейді.

hse.ru сайтынан

Айгүл Сайлыбаеваның өлімі

2024 жылы маусымда Германияда Айгүл Сайлыбаева жоғалып кеткені белгілі болды. Кейін жоғалған әйелдің сүйегі Бенсхайм қаласының маңынан табылғаны туралы ақпарат шықты. Bild басылымы сүйек пластик қапта болғанын хабарлады.

Германияның құқық қорғау органдары адам өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазақстанда марқұмның күйеуі мен енесіне іздеу жарияланды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget