Экс-шенеунік Қожағапановқа қатысты іс сотқа жолданды

Экс-шенеунік Қожағапановқа қатысты іс сотқа жолданды

Бұрынғы мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапановқа қатысты іс сотқа берілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы Сенат дәлізінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Дархан Құрақбаев мәлімдеді.

"Бұл іс аяқталды. Қожағапанов пен мердігер ұйым басшысы сотқа берілді, сот процесі жалғасып жатыр. Мұнда аса ірі көлемде қаржы жымқыру мәселесі қаралып жатыр", – деді Құрақбаев Сенат дәлізінде.

Құрақбаевтың айтуынша, бұл іс бойынша келтірілген шығын өзгеріссіз қалған және 1 миллиард теңгеден асады.

"Сот жүріп жатыр, қазір аяқталу сатысында деп ойлаймын. Біз оған айып тағып отырған баптың санкциясы бойынша, қателеспесем, 7 жылдан 12 жылға дейінгі жаза қарастырылған. Бірақ сот барлық мән-жайды ескере отырып шешім шығарады деп ойлаймын. Сот ашық өтіп жатыр", - деп түйіндеді Антикор өкілі.

Айта кетейік, 2024 жылғы наурызда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жасырын тергеу нәтижесінде бұрынғы мәдениет және спорт вице-министрін ауыр сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікпен ұстағаны белгілі болды.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!