Экс-шенеунік Бақытгүл Хаменова бостандықта қалады

Сыбайлас жемқорлық үшін сотталған Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменова бостандықта қалады. Мұндай шешімді Атыраудың №2 соты қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Ақ Жайық" басылымына сілтеме жасап.

10 наурызда Бақытгүл Хаменованың баласы болуына байланысты жазасын өтеуді үш жылға шегеру мерзімі аяқталды. 16 наурызда Атырау қалалық №2 соты пробация қызметінің жазаның өтелмеген бөлігін бас бостандығын шектеуге ауыстыру туралы ұсынысын қарады.

Сот жазаны шегеру кезінде Бақытгүл Хаменова қоғамдық тәртіпті бұзбағанын, әкімшілік жауапкершілікке тартылмағанын және бала тәрбиесіне қатысты міндетін орындағанын хабарлады.

Осы жағдайларды ескере отырып, сот ұсынысты қанағаттандырды. Жазаның өтелмеген бөлігі дәл сол мерзімге пробациялық бақылау орната отырып, 7 жылға бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырылды.

Еске салайық, 2022 жылы 15 қарашада Бақытгүл Хаменоваға қатысты сот үкімі шықты. Сот оны кінәлі деп тауып, жеті жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. 

2025 жылы Бақытгүл Хаменова тойда жүрген жерінен көзге түсті. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!