Түркістан облысының тұрғыны ұлын "экс-прокурор қағып кеткенін" айтып шағымданды. Оның сөзінше, көлік жүргізушісі жәбірленушінің өзінен өтемақы сұраған. Оған қоса дәрігерлер де жасөспірімге ешқандай көмек көрсетпегенін айтады. Көпбалалы ана тергеу созылып, бір айдан бері сот сараптамасы шықпағанын да жеткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
13 жастағы Саят Серікұлын осыдан бір ай бұрын көлік қағып кеткен. Анасының сөзінше, баланың 5 қабырғасы сынды деген дәрігер құжатқа төртеуі сынды деп жазыпты. Ал полиция жол апатына "өзім кінәлімін деп хаттама жаздырып алған. Жасөспірімнің анасы қаққан көліктің тізгінінде экс-прокурор болғанын айтады.
"Ол кісі "мен прокурор болып жұмыс жасағанмын. Мен ешнәрседен қорықпаймын. Менің адамдарым көп" деп айтты. Мен осы істің қысқарып кетуінен қатты қорқамын. Өйткені дәрігер ауруханадан шығарып жіберуге қатты асықты. Одан кейін мұның жағдайын сұрап ешкім келген жоқ. Тергеушілер келген де бұған былай жаздырып алған. "Менің велосипедімнің тежегіші ұстамаған себепті біз келе жатқан көлікке соғыстық" деп жазған. Бірақ шындап келгенде ондай емес. Өйткені бұл велосипедті былтыр ғана алғанбыз", - дейді жәбірленушінің анасыы Жібек Базарова.
Көпбалалы ана баласын қаққан көлік жүргізушісінен өтемақы сұрапты. Оның сөзінше, көлік жүргізушісі "ұлыңды қараусыз жібердің" деп өзін жазғырған. Ал өзін "экс-прокурормын" деп таныстырған көлік жүргізушісі басылымға заңгер екенін айтқан.
"Мен оны барып қаққан жоқпын. Керісінше олар маған келіп соғысты. Бұлар маған 148 мың теңге айыппұл тағайындап, 610-баптың бір тармақтарын айтты. Мен онымен келіспеймін деп прокуратураға арыз жаздым", - дейді өңір тұрғыны.
Баланың анасының айтуынша, іске қатысты тергеу жұмыстары басталғанымен, бір айдан бері сот сараптамасы шықпаған. Бұл іске күмән келтіріп отырған ана прокуратураға арызданатынын айтты.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!